АҚШ президенті Дональд Трамп алаңдаушылық тудырған жазба жариялап, «бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылуы мүмкін» деп мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Truth Social платформасындағы жазбасында Трамп әлем тарихындағы маңызды сәттердің бірі жақындап қалғанын атап өткен.
«Тұтас бір өркениет бүгін түнде жойылады, оны қайта қалпына келтіру мүмкін болмайды. Мен мұндай жағдайдың болғанын қаламаймын, бірақ, шамасы, солай болуы ықтимал. Алайда билік өзгеріп, радикалды емес, ақылға қонымды күштер басымдыққа ие болса, күтпеген жақсы өзгерістер де орын алуы мүмкін. Мұны бүгін түнде көреміз. Ұзақ әрі күрделі тарихтағы ең маңызды сәттердің бірі болғалы тұр», – деді АҚШ президенті.
Трамп өз жазбасында соңғы 47 жылды «қысым, жемқорлық пен өлім кезеңі» деп сипаттап, оның аяқталуы мүмкін екенін де меңзеді.
Бұған дейін Ақ үйдегі брифингте ол Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, АҚШ қажет болған жағдайда Иранды «бір түнде жойып жібере алады» және мұндай сценарий 7 сәуірде жүзеге асуы мүмкін.
Аталған мәлімдемеден бұрын Иран АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысқа ресми жауап беріп, бітім шартынан бас тартқаны белгілі болған. Жауап Пәкістан арқылы жеткізілген.
Соңғы мәлімдемелер Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың күрт шиеленісіп бара жатқанын көрсетіп отыр. Сарапшылар мұндай риторика аймақтағы тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







