Трендке айналған Дубай шоколадын сатамын деген астаналық жұртты алдаған. Алаяққа қатысты сот шешімі шықты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
А. есімді адам Дубай шоколадын сатамын деп жәбірленушілерді адастырып, бірнеше рет олардың ақшаларын иемденген. Осылайша ол 10 жәбірленушінің 301 020 теңге көлеміндегі ақшасын жымқырған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, банк аударымдарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор күдіктіге 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен А. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танылды, оның 3 жылға бас бостандығы шектелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін DALA INSIDE Дубайдағы шоколад фабрикалары толық қуатта жұмыс істеп жатқанына, ал олардың өнімін қазақтар талап әкетіп жатқаны жөнінде зерттеу жариялаған еді.
«Дубайдан жеткізілетін атышулы шоколадтың бағасы 20 мың теңгеге жетіп отыр, ал оның шынайы құндылығы бұл соманың жартысына да татымайды.
Осынау құбылыс халықтың тұтыну мәдениетін ғана емес, сонымен бірге елдің қаржылық сауаттылығы қандай деңгейде екенін көрсетеді. Шоколадқа жұмсалған 20 мың теңге, бір ғана тұтынушы тұрғысынан елеулі болмауы мүмкін. Бірақ, мұндай транзакцияның саны еселенген сайын, бұл миллиондаған теңгенің шетелге ағуына алып келеді. Шетелдік тауарға тәуелділік ұлттық капиталдың ішкі нарықта тұрақтауына кедергі жасайды», — деп топшылаған еді арна.