Журналист Михаил Козачков өзінің Телеграм арнасында шетелдік NewsBreak басылымында Теңіз кен орнына қатысты пайда болған, кейін белгісіз себеппен өшірілген материал жұрттың қызығушылығын оятқанын жазады. Материалда Теңізшевройлдағы тендер үдерісіне қатысты шыққан күдік жайында өрбіген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды жоба төңірегінде сыбайластыққа қатысты сөз шығуы көпшілікті алаңдататыны белгілі. Себебі энергия секторы ел экономикасына айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан ондағы әр шешім мен әр келісім мемлекет мүддесіне әсер етеді.
Козачковтың Telegram арнасында жазғанына қарағанда, шетелдік NewsBreak басылымы ТШО-дағы тендерлерге ықпал ететін тұлғалар жөнінде материал жариялап, онда белгілі қызметкерлердің аты аталған. Кейін мақала толықтай қолжетімсіз болып, сайттан алынған.
Журналист өз жазбасында кейбір компанияларға жұмыс беру кезінде әділдік бұзылған деген түсінік қалыптасқанын жеткізді. Диалогта айтылғандай «Қалай түсінсем болады? Қомақты байқау еңбекқорға емес, ыңғайына көне салатын тарапқа берілген секілді» деген пікір тарады.
Бұл сөздердің растығын тексеру міндеті құқық қорғау органдарының еншісінде. Дегенмен қоғамдық пікір желдей есіп, ақпараттың өшірілуі әңгімені одан сайын қоюлатты.
Журналист жазбасында ТШО ішінде бір топ маман АҚШ-тағы уәкілетті органдарға шағымданғаны туралы да сөз қозғады. Американың шетелдегі сыбайлас әрекеттерге қарсы заңы бар. Ондағы талап бойынша, шетелде жүрген америкалық азамат немесе сол елдің аумағында жұмыс істейтін компания өкілі парақорлыққа қатысы бар деп танылса, жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

Мұнай саласында шетелдік мамандар көп қызмет етеді, сондықтан заң аясында қаралатын жайттар болуы мүмкін. Осы жолы аты аталғандардың қатарында қазақша ән айтып танылған Джон Ригби туралы да сөз қозғалды. Кейін журналист осы қызметкерге қатысты өзге ақпарат көзін ұсынған сілтемемен бөлісті.
Шетелдік материалда Джон Ригби аты аталып, оған жергілікті компаниядан бір миллион доллар көлемінде сыйақы талап еткен деген айып тағылғаны айтылды.
Ақпараттың ресми растығы дәлелденген жоқ. Шикі күйінде тараған осындай хабар халықтың ойын сан саққа жүгіртуде. Бір мақаланың жойылуы мен екінші мақаланың қайта пайда болуы жағдайды күрделендіріп жібергендей.
Ал халық күткен нақты жауап жоқ. Теңіздегі жобалар ашық әрі айқын жүргізілгенде ғана халық сенімі сақталады.
Атырау өңірінде жұмыс істейтін мұнайшылар тағдыры, жергілікті көлік жүргізушілері, қызмет көрсетуші компаниялар мен жастардың тағдыры ТШО сынды алпауыт жобалармен байланысты. Сондықтан ондағы кез келген жағдай елдің назарында. Ақпараттың өшірілуі құпияның көбейгенін аңғартты. Мұндай сәтте нақты дерекке сүйенген ресми түсіндірме ауадай қажет.

