Қазақстанда коммуналды тарифтің көтерілуін тежеп келген мораторий сәуір айында аяқталады. Мамандардың пайымдауынша, ел тұрғындарына мамыр мен маусым айынан бастап тарифтің күрт өсуіне дайындала берген жөн деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір коммуналдық қызмет бағасы 2025 жылғы деңгейде ұсталып тұр. Алайда мамандар алдағы уақытта жыл сайын тарифтер орта есеппен 20-30 пайызға, тіпті одан да жоғары қарқынмен өсетінін болжап отыр.
31 арнамен пікірлескен экономист Олжас Байділдинов электр энергиясының бағасы алдағы кезеңде екі-үш есе қымбаттауы ықтимал екенін айтты.
Сарапшының сөзінше, бүгін тұтынып отырған энергияның орташа құны киловатт-сағатына 30 теңгенің төңірегінде болса, болашақта бұл көрсеткіш 40-45 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Тіпті келешекте атом электр стансалары іске қосылған күннің өзінде де энергия бағасы арзандамайды дейді сарапшы.
Бұған не себеп?
Электр энергиясының құнын шарықтататын бірнеше фактор бар. Соның бастысы коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткендігі. Тарифке инвестиция тартуды көздейтін бағдарлама жалғасып жатқандықтан, модернизация шығындарының барлығы түбінде тұтынушылардың қалтасынан өтеледі.
Қазақстан энергетикалық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агофонов жаңа буын көмір генерациясының бұрынғыдан әлдеқайда қымбатқа түсетінін мәлім етті.
Сарапшының айтуынша, көмір электр стансаларының заманауи технологияларға өтуіне қыруар қаржы керек. Мемлекет электросүзгілер секілді экологиялық талаптарды орындауы тиіс.
Талап орындалмаса, Қазақстанға халықаралық деңгейде үлкен айыппұлдар мен қосымша көміртегі квоталарын сатып алу міндеті жүктеледі.
Жылудың жағдайы қалай?
Баға өсімі жылу тарифтеріне де тікелей әсер етеді. Мамандар жылу жүйесінің тозуы электр желілерінен де ауыр жағдайда екенін алға тартып отыр. Сол себепті жылу бағасы электр энергиясынан кем түспейтін қарқынмен қымбаттайды деген қауіп бар.
Еске сала кетсек, былтыр қазан айында Үкімет коммуналдық қызмет тарифтеріне 2026 жылдың І тоқсанына дейін мораторий жариялаған болатын. Сол кезде энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тарифтердің өсуін тоқтату үшін ішкі шығындарды азайту, көмір мен теміржол тасымалының бағасын тұрақтандыру сияқты кешенді шаралар қолға алынатынын хабарлаған.
Алайда бүгінгі жағдай осы шаралардың уақытша екенін, алдағы бірнеше айда қазақтардың коммуналдық түбіртектегі өзгерістерді қалтасымен сезіне бастайтынын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

