Алматы облысында түйе сүтінен жасалатын балмұздақ шығарыла бастады. Қазіргі уақытта бұл өнім халық арасында «қазақ балмұздағы» деген атауға ие болып, үлкен қызығушылық тудыруда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл ерекше десертті Еңбекшіқазақ ауданының Сарыбұлақ ауылында тұратын кәсіпкер Азангүл Албосын өндіреді. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі шұбаттың пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, оны заманауи өнімге айналдырғанында. Қазір бұл балмұздақтың 20-дан астам дәм түрі бар.
Дәстүр мен жаңашылдық тоғысы
Жоба «Қазақтану» атты мәдени-ағартушылық бағыттың аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат дәстүр мен заманауилықты ұштастыра отырып, ұлттық тағамның тек тамақ қана емес, тарихи және мәдени құндылық екенін көрсету.
Кәсіпкер Азангүл Албосынның негізгі мамандығы заңгер. Ол Қазақстанға көшкенге дейін Қытайда сот болып қызмет еткен. Тарихи Отанына оралу оның бала кезден бергі арманы болған екен. Әкесі үнемі түйе шаруашылығын ашуды армандағандықтан, бұл отбасылық істі жүзеге асыруды Азангүл қолға алған.
– Қазақстанға көшіп келген соң, күйеуім Жарқын екеуміз шаруашылықты ешкі мен жылқы өсіруден бастадық. Бастапқыда ешкі сүті мен қымыз саттық. Кейін тәуекелге барып, көлігімізді сатып, түйе сатып алдық, – дейді кәсіпкер.
Алғашқы кезде түйе сүтін стақанға құйып базарларда өздері сатқан. Қазір Сарыбұлақтағы фермаларында 80-ге жуық түйе бар. Олардан алынған шұбат, құрт, май сияқты өнімдер тек Алматы облысы ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сұранысқа ие.
Осыдан үш жыл бұрын отбасы бизнес-жоспар жасап, оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсынып, әкімдік тарапынан қолдау тапқан. Соның арқасында Қаражотын ауылдық округінен бос жер телімі беріліп, ферма жұмысы кеңейген.
Әкесінің арманы – қызының бизнесі
Кәсіпкердің айтуынша, қазақ халқы үшін түйе шаруашылығы тіршілік көзі әрі ғасырлар бойғы дәстүр. Ол осы дәстүрдің заманауи жағдайда да табысты екенін дәлелдегісі келеді. Азангүл сондай-ақ түйе жүнінен көрпе, жастық, емдік белбеулер тігіп, болашақта ауыл әйелдеріне арнап қолөнер мектебін ашуды да жоспарлап отыр.

Балмұздақты дайындау технологиясы ерекше, түйе сүті баяу отта 20 сағатқа дейін қайнатылады. Қоюланған сүтке табиғи тосаптар қосылады. Шоколад, құрма, карамель, қауын, жидек секілді дәмдерден тұратын бұл өнімде консерванттар мүлде жоқ, ал қант мөлшері аз. Сондықтан пайдасы көп әрі денсаулыққа пайдалы.
Алғашқы кезде өнім тек Шелек ауылындағы дүкенде сатылса, бүгінде Алматыдағы мейрамханалар мен дәмханалардан тапсырыс көп түсуде.
Кәсіпкердің алдағы жоспары түйе санын көбейтіп, бөтелкеге құйылған шұбат өндіру цехын ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту.
Азангүлдің бұл бастамасы ұлттық тағамдардың бүгінгі заманмен үйлесім таба алатынын дәлелдейді. «Қазақ балмұздағы» тарих пен табиғилықты, жаңашылдықты бір өнімде тоғыстырған ерекше десертке айналды. Айта кетсек, Қазақстанда түйе сүтінің жылдық өндірісі бүгінде 18 мың тоннадан асады.
Айтпақшы, Алматы облысына қарасты Шеңгелді ауылында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

