Түркияның TPAO ұлттық мұнай компаниясы Қазақстан нарығына қайта оралады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаевтың Түркия сапары барысында «ҚазМұнайГаз» бен TPAO арасында мұнай-газ саласында барлау және кен орындарын игеру бойынша өзара әріптестік туралы келісім жасалды, деп жазады oilgazKZ.
TPAO Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция құйған алғашқы шетелдік компания болатын.
1993 жылдың 9 қаңтарында, «Теңізшевройл» құрылғанға дейін үш ай бұрын, TPAO мен Қазақстанның Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі бірлескен кәсіпорын құру туралы келісіміне қол қойған еді.
Бір айдан кейін, 4 ақпанда, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС ресми тіркелген. Бірлескен кәсіпорынның 51 пайызы «Қазақойл» ұлттық компаниясына, 49 пайызы TPAO-ға тиесілі болды.
2014 жылдың 23 қазанында «Қазақойлдың» құқықтық мұрагері «ҚазМұнайГаз» TPAO-мен түрік компаниясына тиесілі үлесті сатып алу туралы келісімге қол қойып, ЖШС-нің 100 пайыздық иесі атанған болатын.
Енді, міне араға тоғыз жыл салып, TPAO Қазақстанның мұнай саласына қайта оралып отыр.
Ertenmedia анықтамасы:
TPAO (Türkiye Petrolleri Anonim Ortaklığı) Түркияның ең ірі әрі ықпалды мемлекеттік мұнай компаниясы. 1954 жылы құрылған. Компанияның негізгі қызметі мұнай-газ кен орындарын барлау, өндіру және игеру. Түркия аумағынан бөлек, Әзербайжан, Қазақстан, Ливия, Ирак, Ресей секілді елдерде жобалары бар.
TPAO Түркияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөлге ие, елдің мұнай-газ нарығында толықтай мемлекет бақылауында жұмыс істейді. Компания соңғы жылдары Жерорта және Қара теңіздерінен ірі кен орындарын ашып, халықаралық энергетикалық саладағы беделін арттырды.