Түркістанда Еңбек күніне орай «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтті. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, еңбек адамдарына құрмет көрсетті.
– Бұл мереке – қоғамның дамуы мен елдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еңбек адамдарына деген шынайы құрмет пен ізеттің көрінісі. Мемлекетіміздің басты міндеті – халықты нәтижелі жұмыспен қамту арқылы олардың өмір сапасын көтеру. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамын қолдау, жұмысшы кәсібінің мәртебесін көтеру – басты мақсаттарымыздың бірі. Облыс тұрғындарын лайықты жұмыспен қамту мақсатында Өңірлік жұмыспен қамту картасы жасақталып, осы жылы 130 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту межеленді.
Қазіргі таңда 101 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды, оның 35 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері. Ұлттық жобалар аясында 3 156 азамат жұмысқа орналасты. Жеке инвестиция арқылы 1 584 жаңа жұмыс орны ашылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша 27 мыңнан аса жұмыс орны ашылып, 29 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 1788 азамат 400 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатымен қамтылды, – деді Бейсен Тәжібаев.

Іс-шара аясында «Парыз – 2025» және «Еңбек Жолы – 2025» конкурстарының өңірлік жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында «Казатомпром- SaUran» ЖШС, «М. Юлдашев атындағы спорт мектебі», «KAP Logistics» ЖШС, «Көркем Аймақ» ЖШС және еңбек озаттары: Дербисовтер әулеті, Ғалымжан Байдосов пен Гулайхон Ерманова бар.
40-қа жуық жұмыс беруші қатысқан «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде» тұрғындарға 1000-нан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Инженерден бастап IT-маманға дейін 50-ден астам мамандық қамтылды.
Айта кетейік, 2025 жыл өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланып, жыл басынан бері 64 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2 344 азамат жұмыспен қамтылды. Жалпы 8 айдың қорытындысымен облыста 100 мыңнан астам адам еңбекке тартылды. Одан бөлек, облыс аумағындағы 39 ірі өндіріс орындарында ашық есік күндері ұйымдастырылып, оған 7 мыңнан астам мектеп оқушысы, 5 мыңға жуық техникалық және кәсіптік білім алушы мен 3500 жұмыс іздеуші қатысты.