Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыс қарқынды түрде жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар Түркістан өңірлік инвестициялық штабының мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Жиын барысында кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатылып, түйткілді мәселелер ашық айтылды.
Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, әрбір инвестициялық жоба бойынша жауаптылардың есебін тыңдады. Өңір басшысы жаһандық жағдайларға тоқталып, өндіріс пен терең өңдеу саласын дамытудың маңызын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, Түркістан облысы шикізат экспорттаушы өңір ретінде қалмай, дайын өнім шығаратын өндірістік аймаққа айналуы тиіс. Осыған байланысты барлық жоба қатаң бақылауда болады. Әкім отандық кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау міндет екенін айтып, өңірдегі сауда орындарында бірінші кезекте жергілікті өнімдерге басымдық берілуі керектігін тапсырды. Бұл бағытта кәсіпкерлікке жауапты басқарма мен «Атамекен» палатасына нақты мониторинг жүргізіп, ұсыныстар енгізу жүктелді.
Инвестиция тарту Түркістанның басты экономикалық бағыты
Инвестициялық штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізді. Жиында жаңадан іске асырылатын жобалар таныстырылып, жоба жетекшілерінің ұсыныстары мен мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Eurasian packing materials» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі скотч пен полипропилен қаптар өндірісін жолға қоймақ. Ал «STRONEX» серіктестігі аяқ киім және полимер өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Platinum Industry» ЖШС дизель-генераторлық қондырғылар өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асырмақ. Осы үш жоба аясында шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, Төлеби ауданында алюминий орамдарын шығаратын зауыт салу және Түркістан қаласында көмірмен жұмыс істейтін электр станциясының құрылысын жүргізу бойынша инвесторлардың өтініштері тыңдалды. Облыс басшылығы тарапынан бұл жобаларға қажетті қолдау көрсетілетіні айтылды.
Мәжіліс барысында 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар, сондай-ақ 2025 жылғы форум аясында қытайлық инвесторлармен жасалған келіссөздердің орындалу барысы жөнінде Сауран ауданы мен Кентау қаласы әкімдерінің есептері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп қарқыны айтарлықтай күшейіп, 57 инвестициялық жоба іске қосылған, нәтижесінде 8 310 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіптік әлеуетті дамыту мақсатында өңірде 20 индустриялық аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция есебінен 50 жоба іске асса, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылдық округінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

