Түркістан облысында индустриялық-инновациялық даму аясында ірі инвестициялық жобалар қолға алынып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров Инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа өндіріс орындарын іске қосу және туындаған мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын барысында инвесторларға барынша ашық әрі тікелей қолдау көрсетілетіні айтылды. Әкімнің сөзінше, әрбір инвестициялық жоба жаңа жұмыс орындары мен өңір экономикасының өсуіне сеп болатын маңызды бастама.
Қазіргі уақытта облыста бірнеше ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданында құрылысқа қажетті арматура өндіретін зауыт, тағам қалдықтарын ұсақтағыш құралдарын шығару кәсіпорны құрылып жатыр. Сонымен қатар Созақ ауданында жаңа өнеркәсіптік алаң мен «Инкай» кен орнында аффинаж зауыты бой көтеруде. Ордабасы ауданында автоклавты газдалған бетон блоктары мен қабырға панельдері өндірісі қолға алынды.
Арыс қаласында «MEGA-AGAT AGRO» ЖШС өсімдік майын өндіру зауытын салуда. Бұл кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықты қамтып, экспортқа шығарылатын болады. Мақтаарал ауданында металл өңдеу зауыты іске қосылып, импорттық өнімдерді алмастыру көзделуде. Сарыағаш пен Жетісай аудандарында кірпіш пен пластик жәшік шығаратын өндіріс орындары, түрік инвесторларымен бірлескен жылыжай кешендері мен көкөніс сақтау қоймалары салынып жатыр.

Жиында инвесторлардың ұсыныстары тыңдалып, әкімдік тарапынан жедел шешімдер қабылданып, нақты шаралар белгіленді. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақтарды өңірдің экономикалық өсуінің негізгі драйверіне айналдыру бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканың әртараптандырылуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашады.
Өткен жылы Түркістан облысында кезекте тұрған азаматтарға 2317 пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде 176 пәтер жалдамалы, ал 2138 пәтер несиелік бағытта болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

