Түркістан облысында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесі өңір басшылығының басты назарында. Халықтың өмір сапасын жақсарту мен елді мекендердің әлеуметтік дамуы ең алдымен ауыз су мәселесінің шешілуімен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау жолында Түркістан өңірі қарқынды жұмыстар атқарып келеді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров ауыз су саласындағы жобалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Түркістан облысы – республика бойынша бұл бағытта алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Бүгінде облыс орталығы мен қалаларда тұратын 542 мыңға жуық тұрғын толығымен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Ал ауылдық жерлер бойынша көрсеткіш 98,1 пайызға жетіп отыр. Бұл үлкен нәтиже. Дегенмен кей ауылдарда инфрақұрылымның тозуы, су сапасының төмендеуі немесе жеткізу кестесінің тұрақсыздығы секілді түйткілдер әлі де бар.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, кей аймақтарда су тапшылығының негізгі себебі – ескі су жүйелерінің тозуы.
Мысалы, Шардара қаласында су тазарту жүйесі бірнеше онжылдықтан бері жөндеу көрмеген. Сол себепті жаз мезгілінде тұрғындарға су тұрақты түрде жеткізілмейді. Осы мәселені шешу мақсатында жалпы құны 16,9 миллиард теңге болатын «Шардара топтық су құбыры» жобасы қолға алынды. Бұл нысан толық іске қосылған соң, аудан халқы үздіксіз әрі сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Сарыағаш қаласында да су тапшылығы мәселесі өзекті. Халық санының көбеюі мен судың шамадан тыс пайдаланылуы, әсіресе жаз айларында ағын судың орнына ауыз суды қолдану жағдайы жиілеген.
Нәтижесінде «Қапланбек» су тазарту станциясының қуаты жеткіліксіз болып отыр. Осыған байланысты Р-1 каналынан жаңа магистралды су құбыры тартылуда. Сонымен қатар су тазарту станциясын жаңғырту жобасы да әзірленіп жатыр.
Биыл облыс аумағында жалпы саны 66 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларға мемлекет қазынасынан 45,8 миллиард теңге бөлінген. Нұралхан Көшеров қаржының тиімді және мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Биылғы жылдың басты нәтижесі ретінде 30 елді мекенде жаңа су жүйелері толық аяқталып, халықты таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатқа 19,7 миллиард теңге қарастырылып, мердігер ұйымдармен тиісті келісімшарттар жасалған.
Ауыз суды кестемен алатын ауылдар мәселесі де назардан тыс емес. Облыстағы 756 ауылдың 192-сі суды белгілі уақыт аралығында алады. Мұндай жағдайдың басты себептері – жер асты суларының деңгейінің төмендеуі, тозған құбырлар, қуаты жеткіліксіз сүзгілеу станциялары және судың орынсыз ысырап етілуі.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында су жүйесінің қараусыз қалуы мен жабдықтардың ұрлануы салдарынан тұрғындар ұзақ уақыт ауыз сусыз қалған. Бұл мәселе қазір әкімдік бақылауына алынып, қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Облыс әкімдігі елді мекендерге су жеткізудің балама көздерін де қарастыруда. Кей ауылдарға уақытша су тасымалдау ұйымдастырылып, шағын сүзгілеу қондырғыларын орнату бастамасы қолға алынған. Сонымен қатар суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және инфрақұрылымға ұқыпты қарау бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.