Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар баяндалып, қыс мезгілінде жолдардағы қауіпсіздік пен жолдардың сапасы, жылыту маусымының өту барысы сараланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Аймақ басшысы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың іске асуы қатаң бақылауда тұр. Әрбір істі аса жауапкершілікпен орындау керек. Өткен аптада 6 ауданды аралап шығып, тазалығын да зерделедік. Алдағы уақытта да тұрақты түрде қадағалап тұрамыз. «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы үйлестіре алмаған басшылардың жауапкершілігі қаралады. Тәртіп пен жауапкершілікті күшейтіп, экологиялық сауаттылықты көтеру қажет», – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың баяндауынша, қыс мезгілінде жолдардың қауіпсіздігі мен жүріс сапасы тұрақты бақылауда. Облыс аумағындағы 4669 шақырым жолға 145 арнайы техника, 382 жұмысшы тартылып, 6 мың текше метрден астам құм мен 4 мың тоннадан астам тұз қолданылды. Қосымша техникалар мен жұмыс күшін жұмылдыру арқылы қиын жағдайларда тез арада әрекет ету шаралары қолға алынды.
Биыл облыс аумағында «жасыл белдеу» құру, елді мекендерді көгалдандыру бағытында 1 257 700 түп ағаш отырғызу көзделуде. Оның ішінде, көктем мезгілінде 631100 түп және күз мезгілінде 626 600 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Ағаш отырғызу жұмыстары ақпан айының соңында басталмақ. Жалпы, өңірде Сирия розасы, өрік, тұт, ива, айлант, қарағаш, катальпа, қаратал, терек, шаған, үйенкі, арша ағаштарын егу көзделіп отыр.
«Таза Қазақстан» бағдарламасын тиімді іске асыру бойынша мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару, санитариялық тазарту, абаттандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығын беру тапсырмасы берілген болатын. Тапсырма аясында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде, қауіпсіз қалдықтарды жинау бойынша толық келісім алынды. Бүгінгі таңда 5 аудан, қала әкімдіктері тарапынан Жарғыға өзгерістер енгізіліп, 8 ауданда тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған аудандарда бұл жұмыстар енді басталмақ.
Айта кетейік, өңірде «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті іске асырылуда. Тазалық жұмыстарына қатысты өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданып, тұрғындармен кері байланыс орнатылады. Бүгінгі күнге платформаға 1 125 өтінім түскен. Оның ішінде, 1 104 өтінім орындалса, 21 өтінім орындалу барысында.
Аппарат мәжілісінде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы, көктемгі дала жұмыстары мен орындаушылық тәртіп жөніндегі есептер тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.