Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
14-23 наурыз күндері арылығында «Көрісу күні – амал мерекесі», «Қайырымдылық» сынды атаулы күндері түрлі шаралар өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев брифингте мәлімдеді.
«14 наурыз — «Көрісу күні – амал мерекесі» күні Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы «Шәмші» аллеясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көрісу рәсімі өтеді. Аталған шарада қос өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этнос өкілдері мен өнерпаздары кездесіп, көрісу күні орындалатын барлық рәсімдерді бірлесе атқаратын болады. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал, 15 наурыз –«Қайырымдылық» күні ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, «Мейірім – жүректен, қайырым – білектен» облыстық шарасы аясында қоғамның осал топтарына, соғыс, еңбек ардагерлеріне, батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырылады», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, 16 наурыз күні «Шаңырақ» атауымен аталып, барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылмақ. Ал, 17 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» деген атаумен барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер ұйымдастырылады. 18 наурыз — «Ұлттық киім күні» ретінде сағат 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 19 наурыз «Жаңару күні» деп аталмақ. Бұл күні барлық өңірлерде тал көшеттерін егу жұмыстары ұйымдастырылады.
20 наурыз — «Ұлттық спорт» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал, 21 наурыз «Қош келдің – Әз Наурыз!» деген атаумен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы күні қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ән мен әнші Түркістан төрінде» концерттік бағдарламасымен қорытындыланатын болады. 22 наурыз «Жыл басы» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Сондай-ақ, «Конгресс холл» кешенінде Республикалық ақындар айтысы, Түркістан музыкалық драма театрында 2 күн бойы «Вальс королі» қойылымы көрермен назарына ұсынылмақ.
Ал 23 наурыз «Тазару» күні – облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізілмек.