Өткен жылы облыстық зоопаразитологиялық топ құрамдарымен барлығы 781 елді мекенде барлау жұмыстары жүргізілген. Сынама нәтижелері көрсеткендей жиналған 62 918 дана кененің 136-нан Конго-қырым геморагиялық қызбасы ауруының қоздырғышы анықталған. Бұл туралы Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова мәлімдеді,- деп хабарлайды Ertenmedia
«Облыста 2024 жылы Конго-қырым геморагиялық қызбасы ауруына 11 адам шалдыққан. Науқастардың төртеуін кене шаққан, алтауы мал күтімімен айналысқан, ал біреуі табиғи ошақта егістікпен айналысқан. Аталған ошақта эпидемияға қарсы және жұқтыру көзін анықтау мақсатында эпидемиологиялық, зооапаразитологиялық тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, қоражайлар мен ауылшаруашылық малдарынан барлығы 3 468 кене жиналып, 16 сынамадан аталған аурудың қоздырғышы анықталды. Айта кетейік, өткен жылы өңірде барлығы – 1 416 тұрғынды кене шағып медициналық ұйымдарға қаралған. Ал биылғы жылдың басынан осы күнге дейін аталмыш ауруды жұқтырған 1 жағдай тіркеліп отыр. Облыс бойынша 2025 жылдың бүгінгі күніне дейін барлығы 597 адамды кене шағып, азаматтар медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген», — деді спикер.
Одан бөлек, облыс аумағында жіті ішек инфекциясының алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
«Облыс бойынша 2025 жылдың 6 айында жіті ішек инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Биылғы жылдың 6 айында 148 жағдай тіркелген. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халықтың жіті ішек инфекциялары тобымен аурушаңдығы 22 жағдайға өскен», — деді спикер.