Түркістан облысында жұмыссыз ретінде тіркелмек болған азаматтың құқығы қорғалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін нығайту. Осы бағытта тұрақты түрде бақылау мен түсіндіру шаралары жүргізіліп келеді. Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдар тарапынан азаматтардың құқықтарын бұзатын жекелеген фактілер әлі де кездесуде.
Мысалы, биыл қараша айында Департаментке Сарыағаш қаласының тұрғынынан жұмыссыз ретінде тіркелуге қатысты шағым түскен. Азамат «enbek.kz» порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуге өтінім жібергенімен, аудандық Мансап орталығы оны заңсыз есептен шығарып тастаған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 09.06.2023 ж. №214 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, жұмыс іздеушіге лайықты жұмыс табылмаса немесе ұсынылған жұмыстан бас тартса, ол автоматты түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі. Есептен шығару осы қағидаларда нақты көрсетілген жағдайларда ғана мүмкін, әрі азамат міндетті түрде екі жұмыс күні ішінде хабардар етілуі тиіс.
Алайда, Департамент мамандары жүргізген тексеру барысында Мансап орталығы қызмет алушыны аталған қағида талаптарын сақтамай, негізсіз есептен шығарғаны анықталды. Нәтижесінде орталықтың бас маманына «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Егер сіз де мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтарыңыздың бұзылғанына куә болсаңыз, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне төмендегі мекенжайлар бойынша хабарласуға болады:
-
Жаңа қала ықшам ауданы, 32 көше, 16 ғимарат;
-
«электрондық үкімет» порталы;
-
«Е-Otinish» бірыңғай платформасы;
-
«Kenes 1414 officiall» тelegram-бот.
Мемлекеттік қызмет сапасына қатысты мәселелер Департаменттің тұрақты бақылауында.
Абылайхан НАУРЫЗБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






