Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу маусымы 3 қарашада басталды. Биыл 510 750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелері тарапынан 401 475 түп көшет босатылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан, қала әкімдіктері тарапынан шұңқырлар қазу, қоршау және суару жүйелерімен қамту жұмыстары 70 пайыз көлемінде атқарылып, 340 мың түп көшет отырғызылды. Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас аудандары жоспарды толық орындады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.
Облыс әкімі елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағытында жұмыстарды жандандыруды және күтімін күшейтуді тапсырды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын ескертпелер айтты.

Жиында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбеков баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 миллионан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Іс-шара жоспарында облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 млн. көшет егу тапсырылған. Өткен жылы өңірде 2,7 млн. көшет отырғызылып, жоспар артығымен орындалды. Биыл аудан, қалаларды көгалдандыруға 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланып, оның ішінде 509 мың түп көктемгі маусымда отырғызылды.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудан, қалаларға және орман шаруашылығы мекемелеріне көшет босату мен алып-кетудің механизмі жасалып, жауапты тұлғалар бекітілген. Ағаш отырғызу барысы арнайы жұмысшы топтармен қадағалануда. Көшет отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін, атқарылған жұмыстардың сапасын анықтау, қоршаулары мен суғару жүйелерінің іске қосылуы бойынша қорытынды тексеру жүргізіледі.
Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері орналасуы бойынша жақын аудан, қалаларға олардың климаттық ерекшелігін ескеріп, жерінің тұзды, сортаң, тас-топырақты болуына байланысты биіктігі 1,5 — 3 метр болатын жергілікті жерсіндірілген жапырақты (қарағаш, шаған, айлант, ясень), қылқанды (бозарша, арша, қарағай) жеміс ағаштары (өрік, алма, шие, шабдалы) мен биыл гүлді ағаш, бұта (бирючина, лигустра) түрлерін босатып, стандартты көшеттерді отырғызуға басымдық берілуде.

