Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңның маңыздылығына тоқталды. Аталған тарихи құжаттың шаһарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің тапсырмасымен әзірленген бұл Заң Түркістанды рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде ерекше мәртебеге ие қала деп бекітеді. Құжат 13 баптан тұрып, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша 44 құзырет беріледі.
Заң бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен өзге де тарихи ескерткіштерді қорғау, археологиялық, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, ұлттық қолөнерді дамыту, қаланың тарихи келбетін сақтау үшін дизайн код енгізу, археологиялық резерват құру қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын аймақта биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттар салуға тыйым салынып, қалада мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді инфрақұрылым мен инклюзивті туризмді дамыту мәселелері де қамтылған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл құжаттың қабылдануы Түркістан үшін ғана емес, тұтас ел үшін де айтулы оқиға екенін атап өтті:
– Мемлекет басшысы Түркістан өңіріне сапары барысында тұрғындармен кездесіп, шаһарға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтерген еді. Бұл ұсыныс Мәжіліс пен Сенат тарапынан қолдау тауып, Президентіміз Заңға қол қойды. Тарихи-мәдени мұрамызды қорғау, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін арттыру, сәулеттік келбетін сақтау бағытында енді нақты жұмыстар атқарылады. Түркістан ежелден руханият пен білімнің ордасы, қазақтың бірлігі мен ерлігінің символы ретінде ерекше қадірлі. Біз осы тарихи шаһарды жан-жақты дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Барша отандастарымызды, Түркістан жұртшылығын осы маңызды оқиғамен құттықтаймын! Еліміз өркендеп, Түркістанымыздың мәртебесі биіктей берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан түркі әлемінің туристік астанасы
Осы ретте Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылып, қаланы дамыту бағытындағы жобалар жандана түседі.
Айта кетейік, Түркістан облысы 2018 жылы 19 маусымда құрылған еді. Осы қысқа мерзімде қала қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Түркістан халқының саны соңғы төрт жылда 31,5%-ға өсіп, 2025 жылдың басында 237,5 мыңға жетті. Қала облыс орталығы мәртебесін алғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе артып, 2024 жылы 452,6 млрд теңгеге дейін жеткен. Түркістанның мемлекеттік бюджетке құятын кірісі де 2,8 есе өсіп, 2024 жылы 80,1 млрд теңгеге артты.
Инвестиция тарту көрсеткіштері де жыл сайын ұлғайып келеді. 2023 жылы қалаға 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 400,2 млрд теңгеге жеткен. Индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта жаңа зауыттар салынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соңғы үш жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,7 есеге өсіп, 34,8 млрд теңгені құрады.
Былтыр Түркістан түркі әлемінің туристік астанасы атанып, ірі халықаралық мәдени шаралар өткізілді. Соның арқасында қалаға келуші туристер саны үш жылда 165%-ға артып, 2023 жылы 1 млн 15 мыңнан асты. Шетелдік туристер саны да бірнеше есе көбейіп, 12,2 мың адамға жеткен. 2024 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсіп, жалпы туристер саны 1,1 млн адамнан асып, шетелдік туристер саны 23,2 мың адамды құрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

