Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бірқатар аудан-қала әкімдерінің қатысуымен мәжіліс өткізіп, ағын суды тиімді пайдалану мәселесін талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Мамандардың мәлімдеуінше жауын-шашынның аз түсуінен биыл арналарда су көлемі едәуір кеміген. Мәселен, 2024 жылы Арыс өзені арқылы келетін су секундына 55/м3 құраса, биыл бұл көрсеткіш 13/м3-тан аспай тұр. Бөген су қоймасына жиналған су мөлшері былтыр 339 млн/3-ға жетсе, қазіргі таңда нақты бар су – 230 млн/3.
Арыс, Кентау қалалары мен Түлкібас, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Отырар аудандарына ағын су босату реттілігі мен шаруаларға су босату кезектілігін жүйелеу тапсырылды. Сонымен қатар мүмкіндіктерді саралай отырып, су ұңғымаларын іске қосу мәселесі көтерілді.
– Ағын судың бей-берекет босатылуына жол бермеңіздер. Бақша түрлерінің өну кезеңдерін ескеріңіздер, кезектің сақталуын қадағалаңыздар. Бұл кезеңді диқандармен кеңесіп, келісіп, ортақ мәміле жасай отырып өткеруіміз керек. Шаруалар өз еңбегімен қатар өзгелердің еңбегіне де құрметпен қарап, түсіністік танытады деп сенемін, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Әсіресе су мұраптарына үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтылды. Диқандармен бірге егіншілік науқанын шығынсыз өткеруге бар мүмкіндікті қарастырып, ынтымақпен іс қылу қажеттігі ескертілді.