Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының өкілдерімен кездесіп, өңірдегі білім саласын дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Алдағы жоспарларды баяндап, негізгі басымдықтарға тоқталды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Қазақстан халқына» қоры арқылы облыс аумағында «Ауылды жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен 4 млрд. теңгеге 16 мектеп жабдықталып, жаңартылды. Сонымен қатар білім сапасын арттыру мақсатында 3 мыңға жуық педагог әдістемелік іс-шаралармен қамтылды. Ал 2 мыңға жуық мұғалімге біліктілікті арттыру курсы мен семинар ұйымдастырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.
Кездесу барысында «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Күләш Шамшидинова өз пікірін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Біздің мақсатымыз – ауыл мектебінің әлеуетін және білім сапасын арттыру. Сондықтан білім саласын дамыту үшін Сіздермен бірлесе отырып, қарқынды жұмыстар атқарамыз деп сенемін, – деді ол.
Кездесу барысында трек мектептерде әдістемелік қолдау шараларын жүзеге асыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ауыл мектептерінің бірлестігін құру, интернет желісімен мектеперді толық қамтамасыз ету мен бірыңғай цифрлық кітапхана құру және Жол картасы аясындағы жұмыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.
Жиын соңында білім саласын дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Сондай-ақ барлық көтерілген ұсыныстар мен тапсырмалар бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

