Бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында Қазақстанның көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, классик қаламгер Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен және шет елдерден белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар алдымен арнайы жасақталған көрмемен танысты. Онда біртуар азаматтың жеке мұрағатынан жәдігерлер қойылып, кітаптары қойылған.
Симпозиумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі алғаш болып сөз алып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың, сонымен қатар Қызылорда, Жамбыл облысы әкімдерінің де құттықтаулары оқылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
Баяндамашылар қатарында алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, академик Оңалбай Аяшев, Түркиядан келген профессор Жәмилә Кынажы секілді зиялы қауым өкілдері Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен қоғамдық қызметі туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Симпозиум аясында жазушы Нұрғали Ораздың Мархабат Байғұтқа арналған жаңа пьесасынан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері алғаш рет сахналады. Сонымен қатар бейнеқұттықтаулар ұсынылып, жазушы туралы деректі фильм көрсетілді.
Шара соңында студент-жастар арасындағы республикалық шығармашылық байқау жүлдегерлерін қазылар алқасының төрағасы Әмірхан Меңдеке, оқушылар арасындағы «Мархабат оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздарын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев марапаттады. Іс-шарадан соң қаламгердің құран оқылып, ас берілді.
Қазақ әдебиеті мен руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгер Мархабат Байғұттың өмір жолы мен шығармашылығына жасалған тағзым, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі іспетті. Үш күнге жоспарланған маңызды шара Созақ, Түлкібас аудандарында жалғасады.
Айта кетейік, симпозиумды Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен «Мархабат Байғұтқа 80жыл» жобасының жетекшісі «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырған.