Түркістан қаласында құрылыс пен инфрақұрылым саласындағы жұмыстар ерекше қарқын алып, өңірдің сәулеттік бейнесі мен әлеуметтік ахуалы жаңа деңгейге көтерілу үстінде. Қала көшелері мен әлеуметтік нысандардың жаңаруы, тұрғын үйлердің бой көтеруі – аймақтың дамуға деген нақты қадамының көрінісі. Осы жұмыстардың сапасын қадағалау мақсатында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев арнайы жұмыс сапарымен құрылыс алаңдарын аралап, әрбір жобаның барысын өз көзімен бағамдады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан соңғы жылдары тек тарихи орталық қана емес, жаңа заманның заманауи шаһарына айналып келеді. Көпқабатты тұрғын үйлер, жаңа жолдар, әлеуметтік ғимараттар мен спорттық кешендер бәрі де өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Әкімдік тарапынан бұл бастамалар тұрақты бақылауда. Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, басты мақсат ел сенімін ақтайтын, сапалы әрі уақытылы аяқталған жобаларға қол жеткізу.

Ол алдымен «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 және №36 көшелердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жарықтандыру жұмыстары 95 пайызға орындалған. «Қаратас Майнинг» серіктестігі жүргізіп жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі ерекше назарда. Бұл көшелер тек тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да жайлы қозғалыс пен қауіпсіз орта қалыптастырмақ.
Сапар барысында аппарат басшысы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңына да барды. Бұл ғимарат Түркістанның жаңа әкімшілік орталығының маңызды бөлігіне айналмақ. Мұнда инженерлік инфрақұрылым тартылып, ішкі әрлеу, желдеткіш және ауа тазартқыш жүйелер орнатылып жатыр. «Ернур Строй и К» компаниясы бұл нысанды биыл қараша айында толық пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 79 жұмысшы мен 6 арнайы техника тәулік бойы еңбектеніп жатыр.
Бұдан бөлек, «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан Еркебұлан Дауылбаев инфрақұрылымның сапасына баса мән берді. Тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және көлік тұрағын ұйымдастыру – барлығы да жаңа Түркістанның заманауи бейнесін айқындайтын бағыттар.

Құрылыс барысын пысықтаған топтың сапары қала аумағындағы ең ірі жобалардың бірі көпфункционалды атшабар кешенінде жалғасты. 99 гектардан астам аумақта бой көтеріп жатқан бұл нысан өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын ауқымды орталыққа айналмақ. Мұнда атжарыс, көкпар, конкур және басқа да ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар қарастырылған. Қазір 174 адам мен 43 техника тәулік бойы еңбек етуде.
Аралау соңында Еркебұлан Дауылбаев мердігер компанияларға жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. «Сақалды құрылысқа жол берілмейді. Әрбір жобаның артында халықтың тағдыры, елдің абыройы тұр. Сондықтан әр кірпіштің сапасы мен әр жұмыстың нәтижесі қатаң тексеріледі», – деді ол. Сонымен қатар жұмысшылар санын арттыру, құрал-жабдықтарды жаңарту және құрылыс мәдениетін сақтау туралы да ескертті.
Түркістанда жүріп жатқан бұл ауқымды жобалар – өңірдің экономикалық серпіні мен әлеуметтік жауапкершілігінің айғағы. Жаңа ғимараттар, кең көшелер мен заманауи нысандар тек қала бейнесін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Әрбір құрылыс алаңы – болашаққа қаланған сенім кірпіші, ал сапалы жұмыс – сол сенімді ақтаудың басты шарты.