Түркістандағы «Рәміздер» алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталып, көк байрақ желбіреді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, өңірдің құрметті азаматтары, жастар және қала тұрғындары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде Республика күніне арналған мемлекеттік туды көтеру рәсімі дәстүрге айналған. Сол игі бастама қасиетті Түркістан төрінде де жалғасын тапты.
– Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастама көтеріп, ол жүзеге асты. Жыл сайын Республика күні Президентіміз Ту көтеру рәсімін өткізеді. Бұл іс-шара республиканың барлық өңірінде өз жалғасын табады.

Міне, бүгін осы мақсатта өздеріңізбен Түркістан төрінде жүздесіп тұрмыз. Биыл 1990 жылы 25 қазанда қабылданған декларацияға биыл 35 жыл толып отыр. Бұл декларация еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болды. Бүгінде тәуелсіз еліміз тұрақты дамып келеді. Елдігіміз мәңгі болсын! Көк байрағымыз әрдайым көкте желбіреп, еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Түркістандықтар бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, мемлекеттік рәміздерді құрмет тұту дәстүрін жалғастырды. Мерекелік шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, отансүйгіштікке тәрбиелейтін әндер шырқалды.

Айта кетейік, Түркістандағы ту тұғырының биіктігі – 62,5 метр, байрақтың ені –12 метр, ұзындығы – 24 метр.
Мемлекеттік ту – елдіктің белгісі, азаттықтың айбары. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – отаншылдықтың көрінісі.

