Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев аймақтың әлеуметтік нысандарын аралап, халықты қолдау және жұмыспен қамтуға бағытталған жобалардың барысымен танысты. Бұл сапардың мәні – ресми тұлғаның жұмыс есебі ғана емес, өңірдің әлеуметтік тынысын бағамдау, ондағы халықтың нақты мұқтаждықтарына назар аудару, – деп жазады Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндамасында жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қолдауды күшейту және денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сапар аясында Ермек Көшербаев «Қамқорлық» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Бұл орталық менталды бұзылыстары бар және мүгедектігі бар балаларға арналған. Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы 125 балаға арнайы көмек көрсетілмек.
Жаңа жабдықтар, кәсіби мамандар мен заманауи әдістемелердің арқасында ата-аналарға да, балаларға да қолайлы жағдай жасалуда. «Қазақстан халқына» қоры 390 млн теңге бөліп, соның арқасында орталықтың материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Мұндай орталықтың ашылуы – қоғамның әлсіз топтарына жасалған үлкен қолдау ғана емес, мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы саясатының нақты жемісі.
Сонымен бірге Премьер-Министрдің орынбасарына «Еңбек мобильділігі орталығының» жұмысы таныстырылды. 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша облыста 130 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бұл – Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бір ғана жылдың ішінде жүз мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылғаны – Түркістанның әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды. Тұрақты, уақытша және субсидияланған жұмыс орындары арқылы халықтың табыс табуына нақты мүмкіндік берілген. Мемлекет тарапынан берілген гранттар мен ұлттық жобалар халықтың өз кәсібін ашып, дамуына да жол ашуда.
Сапардың тағы бір маңызды нүктесі – 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы. Денсаулық сақтау саласының дамуы – тек медицина қызмекерлерінің кәсіби мүмкіндігі ғана емес, әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Жаңа аурухана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өңір халқына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсынатын болады. Ермек Көшербаев бұл жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды, себебі халық денсаулығы – мемлекеттің басты капиталы.
Осылайша, Түркістандағы сапар әлеуметтік маңызы бар бағыттарға – халықты жұмыспен қамтуға, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға арналды. Бұл – тек ресми кездесулер емес, аймақтағы әлеуметтік саясаттың нақты көрінісі.