Түркістан облыстық полиция департаментінің балалар және жасөспірімдер арасында қылмысты азайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 1,2 пайызға төмендеген. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Бексұлтан Ташимов мәлімдеді.
— Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, құқықтық сауаттылықты арттыру, нашақорлық, буллинг және лудоманияның таралуын болдырмау мақсатында жүйелі істер атқарылуда. Айта кетерлігі, оқушылар арасында тыйым салынған заттарды алып жүру дерегі жайлы, құқық бұзушылық жасауға бейім оқушылар жөнінде мұғалімдер тарапынан дер кезінде мәлімет ұсыну және кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу деректері туралы құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау керек.
Соңғы кезде мектептен тыс уақытта түнгі мезгілде заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдердің ұсақ бұзақылық, ұрлық және агрессиялық әрекеттері жиілеп барады. Сондықтан мектептерде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорттық және мәдени үйірмелердің санын көбейту бойынша оқу орындарымен ортақ жобалар жүзеге асуда, — деді спикер.
Сонымен қатар, баспасөз жиыны барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Нұрғиса Ерғалиұлы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстары жайлы баяндады.
«Кәмелетке толмағандар арасында есірткінің зияны, лудомания, буллинг және жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері жайында дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізілуде. Сонымен қатар, тұрақты түрде «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер жүріп жатыр. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 6 573 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Өңірде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 324 қолайсыз отбасы және құқық бұзушылыққа бейім 496 жасөспірім полицияның есебіне алынды»-деп баяндады сала маманы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі