Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Бұл бастама жай ғана қағаз жүзіндегі жоспар емес, қоғамның құқықтық санасын көтеруге, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында осы мәселелер талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Өңір басшысы заң мен тәртіп идеологиясын халыққа түсіндіруде формализмнен аулақ болуды, әр іс-шараны терең талқылау, білікті сарапшылар мен мамандарды тарту арқылы өткізу қажеттігін атап өтті. Әсіресе азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру акцияларын тұрақты түрде ұйымдастыруға ерекше мән берілді.
Облыста қабылданған тұжырымдама бес негізгі бағыт пен елу бес іс-шараны қамтиды. Оның ішінде полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға он тармақ нақты жүктелген.
Қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында бүгінде 520 полицияның қоғамдық көмекшілері жұмылдырылып отыр. Олардың көмегімен 47 қылмыстың ізі суытпай ашылып, 1900-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталғаны – тұрғындар мен билік арасындағы бірлескен әрекеттің нәтижесі. Бұл тәжірибе «қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік» деген қағиданың шынайы көрінісін көрсетеді.

Құқықтық мәдениетті көтеру бағытында шалғай ауылдарда үйме-үй аралау жұмыстары жүргізіліп, интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру науқандары ұйымдастырылды. Азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру бойынша жыл басынан үш рет жолда қабылдау акциясы өтіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосылды. Есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. 76 мыңнан астам оқушы, студент және ата-ана қатысқан іс-шаралар жастарды қылмыстан қорғау мен алдын алу саясатының кең ауқымда жүріп жатқанын дәлелдейді.
Жалпы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін нақты инфрақұрылымдық шешімдер қабылданған. Мектептердің маңына 514 жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі орнатылып, жаяу жүргіншілер өткеліне төрт бағдаршам қойылды. 2100 метр аяқжол мен 2264 білім ұйымының алдындағы жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылды. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және азаматтардың мемлекеттің қамқорлығын сезінуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен аудан, қала әкімдіктері 21 жоба жүзеге асыруда. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты арттыру, борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтендіру сияқты бастамалар бар. Әсіресе «Аманат» партиясымен бірлесіп қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мыңдаған азаматқа қаржылық сауаттылық бойынша дәрістер өткізіліп, тұрғындардың жеке бюджетке деген көзқарасы өзгеріп келеді.
Жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу үшін 567 психо-профилактикалық жұмыс жүргізіліп, 36 мыңнан астам жас қамтылды. Бұл бағыттағы шаралар әлі де жалғасын табады. Заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған тұжырымдаманың басты мәні – халық пен биліктің бірлесе отырып әділетті қоғам құруы. Бұл тұрғыда Түркістан облысы республикаға үлгі боларлық жаңа тәжірибелерді енгізіп келеді.