Жекеменшік мектептерді қаржыландыру тақырыбы көптің көкейінде жүр. Мұндағы басты талап мемлекет төлейтін ақша нақты оқып жүрген балаға жетуі керек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Талдау кезінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыруда сәйкессіздіктер байқалды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын мектепке тіркелген кейбір балалардың шын мәнінде басқа оқу орнында оқитыны анықталған.
Құжаттағы бала бір жерде, партадағы бала басқа жерде болып шыққан жағдайлар бар. Осындай олқылық болса, бюджет қаржысы да дұрыс есептелмейді, ал ата-анаға да түсініксіз сұрақ көбейеді.
Түйінді тарқату үшін Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ жаңа ақпараттық жүйе әзірледі. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №251 бұйрығы мен Түркістан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілуде. Енді төлем тәртібі ашық болуы үшін негізгі рәсімдер «e-Qazyna» порталы арқылы өтеді. Түркістан облысындағы 157 жекеменшік мектеп осы порталға қажетті құжаттарын жүктеп, келісімшарттарын рәсімдеп үлгерді.
Қазір «BilimClass.kz» платформасы арқылы балалардың сабаққа қатысуы және басқа мектепке ауысуы сияқты деректер тексеріліп жатыр. Мәліметтер толық нақтыланғаннан кейін көрсетілген қызмет бойынша акт жасалып, Қаржы орталығына жолданады, содан соң ғана қаржы аударылады. Бір сөзбен айтқанда, алдымен дерек, кейін төлем. Осындай тәртіп артық шығынның алдын алады және мемлекеттік тапсырыстың ақшасы нақты қызметке байланып тұрады. Бір мектеп директорының сөзі қарапайым: – Құжатымыз түгел, енді тек тексеріс қорытындысын күтеміз, төлем соған қарай түседі.
Нәтижесінде қаржыландыру нақты оқушыға қарай есептеледі, ал әр теңгенің қайда кеткені түсінікті болады. Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды, тек төлем дерек расталған соң рәсімделеді. Мақсат айқын: бюджет қаржысы ұтымды жұмсалып, ата-ана да, мемлекет те сенетін нақты есеп қалыптастыру.

