Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында жоғары оқу орнын үздік бітірген жас мамандарды конкурссыз жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Бұл бастама ҚР Оқу-ағарту министрінің және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды. Бастысы жас мамандар GPA көрсеткіші 3,33 балдан төмен емес және сертификаттаудан сәтті өтуі қажет, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі қолға бір күрек іздеген университет бітірушілерін алғашқылардың бірі болып, Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектебі қолдау білдірді.
Өңірдегі «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ашылған бірінші келешек мектебі 2025-2026 оқу жылында 19 жас маманды жұмысқа қабылдап үлгерді.
Мектеп директоры қос министрліктің жаңашылдығын негізге ала отырып, жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант бойынша білім алып, оны жақсы көрсеткішпен бітірген түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырды.
Жұмысқа конкурссыз қабылданғандардың басым бөлігі ағылшын тілі және математика пәні бойынша білім алғандар. Сондай-ақ, олардың ішінде бастауыш, химия, биология мен орыс тілі пәні мұғалімі бар. Мектеп директоры Айгүл Абайқызы жұмысқа орналасудың жаңа стандартын қуана қабылдады

– Жаңа талаптарға сай келген жас мамандар бүгінде өз қызметтеріне кірісті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қабылданған кешенді шаралардың арқасында жастардың педагогикалық мамандыққа қызығушылығы артып келеді. Жоғары оқу орнын жақсы немесе үздік дипломмен бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдаудағы басты мақсат – білім беру ұйымының педагогикалық кадрлық әлеуетін арттыру, сапалы білім беруді қамтамасыз ету және заманауи талаптарға сай кәсіби білікті, жаңашыл ойлайтын мамандармен оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру деп ойлаймын.
Жас мамандардың білім сапасы жоғары, жаңа әдістемелерді меңгерген, цифрлық сауаттылығы қалыптасқан. Олар мектептің жаңаша дамуына серпін беріп, оқушылардың білім сапасын көтеруге, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуге ықпал етеді деген сенімдеміз, – деді мектеп директоры.
Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысы білім беру ұйымдарына мыңнан аса жас маман жұмысқа қабылданған.