Түркістан облысында әкесін соққыға жығып, қорлық көрсетті деп айыпталған Алмас Садақбаевқа қатысты сот процесі аяқталуға жақын қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Оқиға былтыр тамызда Шардара ауданының Қоссейіт ауылында болған. Otyrar-дың дерегінше айыпталушы Алмас Садақбаев егде жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соғып, денсаулығына орта дәрежеде зиян келтіргені үшін жауапқа тартылып отыр.
Мемлекеттік айыптаушы соттан оны алты жыл екі айға бас бостандығынан айырып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салуды сұрады.
Сот залында Садықбаев өз кінәсін толық мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады. Ол ісіне өкінетінін айтып, жазасын жеңілдетуді өтінді. Айтуынша, отбасындағы жалғыз асыраушы өзі екен.
Пенсионердің соққыға жығылғаны туралы қоғам әлеуметтік желіде тараған бейнежазба арқылы хабардар болды. Бейнежазбада ірі денелі жігіттің егде жастағы кісіні қан-жоса күйінде көшеде сүйреп бара жатқаны анық көрінеді. Видео қария қайтыс болған соң ғана жарыққа шыққан. Осы оқиғадан кейін күдіктіге қарсы қылмыстық іс қозғалған еді.
«Ұлы ауыр науқас әкесін қан-жоса етіп сабап тастады. Дәретханаға өзі бара алмайтын қария қорғансыз күйде қалып, туған ұлынан қорлық көрді. Бұны отбасы деп айту қиын, бұл азап, бұл нағыз қылмыс», – деген болатын оқиға куәгерлері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

