Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін “Келешек мектебінде” робототехника бағыты жүйелі түрде дамып келеді. Үйірме жұмысының нәтижесінде оқушылар халықаралық деңгейде табысқа қол жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Білім ұясының жас робототехниктері Қытайдың Макао қаласында өткен First Lego League Asia Open Championship 2025 халықаралық чемпионатында жеңімпаз атанып, ел намысын абыроймен қорғап қайтты.
Аталған чемпионат робототехника, ғылыми зерттеу және инженерлік инновациялар бағытындағы Азияның ең ірі алаңдарының бірі. Биылғы додада әлемнің 30-дан астам елінен 500-ден астам команда және 12 мыңнан аса қатысушы бақ сынады.
Жарыстың тақырыбы «Су асты әлемін зерттеу». Үш күндік байқау барысында түркістандық жасөспірімдер инженерлік ойлау, жобаны қорғау және командалық жұмыс бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Команданың жетекшілері Исхакова Перизат, Жантаев Абдужамиль, Әлімжан Алуа, ал қатысушылар қатарында жас дарындар Ишанхан Маруан мен Боханов Суинбай бар.

“Келешек мектебіндегі” робототехника үйірмесі оқушылардың ғылыми-техникалық ойлау қабілетін дамытуды мақсат етеді. Сабақтар аптасына үш рет өткізіліп, онда оқушылар Arduino, DOBOT роботтары, түрлі сенсорлар мен бағдарламалау платформаларында жұмыс істеуді меңгереді.
Үйірмені тәжірибелі педагог жүргізіп, әр оқушының жеке қабілетін ашуға, топпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға баса мән береді. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, нақты нәтижеге бағытталған бұл сабақтар оқушыларды инженерлік және ғылыми ізденістерге баулиды.
Жүйелі дайындық пен шығармашылық ізденістің арқасында жас түркістандықтар халықаралық деңгейде үздіктер қатарынан көрініп отыр. Бұл – өңірдегі білім сапасы мен заманауи үйірмелердің тиімділігін дәлелдейтін нақты көрсеткіш.