Түркия Сомалидегі мұхит жағалауына жақын жерден алғашқы ғарыш айлағының құрылысын ресми түрде бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Baykar компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Селчук Байрактар Стамбұлда өткен Take Off технологиялық форумында мәлімдеді.
Айтылған дерекке қарағанда, жоба тек Түркия үшін ғана емес, жалпы аймақтық деңгейде де салмақты бастама саналады.
Байрактардың айтуынша, ғарыш айлағын салу үшін теңізге жақын аумақтың маңызы зор. Зымыран-тасығыштарды ұшыру кезінде қауіпсіздік пен тиімділік осы факторға тікелей байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Сомалидегі 30 шақырымға 30 шақырым болатын аумақ Түркия үшін таптырмас мүмкіндікке айналған. Әлемде мұндай талапқа сай келетін бар болғаны он екі ғана орын бар. Солардың бірін Түркия өз бақылауына алып отыр.
Анкара соңғы жылдары спутниктік технологиялар мен навигациялық жүйелерге ерекше мән беріп келеді. Соның бір дәлелі Ulug Bey деп аталатын ұлттық ғаламдық позициялау жүйесін жасау жобасы. Бұл атау бекер таңдалмаған. Ұлықбек XV ғасырда өмір сүрген, Орта Азиядан шыққан көрнекті мемлекет қайраткері әрі ғалым.
Ол астрономияға ерекше қызығып, Самарқанд маңында ірі обсерватория салдырған, ғылым тарихында терең із қалдырған тұлға.
Түркия үшін Ulug Bey атауы ғылым мен болашаққа деген ұмтылыстың символы іспетті.
Қазіргі заманғы спутниктік жүйелер арқылы Анкара әскери, азаматтық және технологиялық тәуелсіздігін күшейтуді көздейді. Ал Сомалиде салынып жатқан ғарыш айлағы осы мақсатқа қызмет ететін негізгі инфрақұрылымның бірі болмақ.
Бұған дейін Түркия өз байланыс спутнигі Türksat 6A-ны ұшыру жоспарын жариялаған болатын. Енді сол жоспарлар біртіндеп нақты іске айналып келеді.
Ғарыш айлағы іске қосылса, Түркия зымыран ұшыруда сыртқы тәуелділікті азайтып, өз мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл қадам елдің технологиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, оның халықаралық аренадағы салмағын да күшейте түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

