Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, Астанаға жолға шықты. Бұл туралы заңгер Инга Иманбай мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаян екі-үш ай елде болады. Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезеңдегі реабилитацияны бастайды.
«Астанада Ербаян нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің толық бақылауында болады. Бір айдан кейін дәрігердің өзі ұшып келіп, жағдайын өз көзімен көріп кетемін деп отыр. Гёкхан Акдемир Ербаянның басына ота жасаған дәрігер. Ол кісіге ерекше алғысымызды айтқымыз келеді. Сонымен қатар, Ербаян Стамбулда болғанда емін ұйымдастырып, аударма жасап, жандары қалмай көмектескен Динара мен Реджепке де алғыс айтамыз. Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезең еміне кеткен қаражат бойынша есеп беріп, осы аралықта төленген қаражаттың чектерін жариялайды. Осының барлығы Сіздердің арқаңызда екенін біз ешқашан ұмытпаймыз», — деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу дұрыс жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. Заңгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу салды.
Сонымен қатар, депутат Нартай Аралбайұлы Мәжіліс мінберінде дүйім ел назарын аудартып отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген», — деді ол.