Түркия соңғы он жылда қорғаныс өнеркәсібін дамытуда айтарлықтай ілгеріледі. Соның ең басты дәлелі – отандық негізгі жауынгерлік танк Altay-дың сериялық өндірісін жолға қоюын атап айтуға болады. Бұл түрік әскери өндірісінің бүгінгі күндегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар жобасы. Танктің жасалуы үшін арнайы жаңа зауыт салынып, онда корпустан бастап соңғы бұрандасына дейінгі барлық бөлшектер шығарылды.
BMC Defense компаниясы салған зауытта танктің жүрегі саналатын BATU қозғалтқышы да өндіріледі. Кезінде Түркия жылдар бойы Еуропа мен Кореядан қозғалтқыш сатып алып келген-ді. Енді қуаты 400-ден 1500 ат күшіне дейінгі отандық қозғалтқыш жасау ісі жолға қойылды.
Altay жобасының тарихы да оңай емес. Әуелгі идеясы 1990-жылдары туғанымен, нақты келісімдер тек 2010 жылдардан кейін қозғала бастады. 2013 жылы алғашқы прототип жасалып, талай сынақтан өтті. Бірақ түрлі себептермен өндіріс кешеуілдегенін білеміз.
Ақыры 2018 жылы Түркия Қорғаныс өнеркәсібі басқармасы BMC компаниясына келісімшарт беріп, нақты қадам жасады. 2023 жылы әскерилер алғашқы үлгілерін сынап көрсе, 2024 жылы толыққанды сериялық өндіріс туралы келісім жасалды.
Жоспарға сәйкес, алғашқы үш танк осы жылы әскерге жеткізіледі. Келесі жылы тағы 11 машина тапсырылмақ. Ал екі жылдан соң бұл көрсеткіш 41-ге жетіп, кейін жылына шамамен 30 танк тұрақты түрде өндірістен шығып тұрады. Демек, түрік армиясы алдағы он жылда жүздеген жаңа буынды танкпен қаруланбақ.
Altay-дың ерекшелігі тек қуатты қозғалтқышында ғана емес. Ол Кореяның K2 танктерінде қолданылатын заманауи броньмен жабдықталады. Бұл – түрік әскери техникасын әлемдік стандартқа жақындата түсетін артықшылық. Сонымен қатар, цифрлық басқару жүйелері мен заманауи қару-жарақпен жарақталған Altay Түркияны тек аймақта ғана емес, халықаралық қару нарығында да мықты ойыншыға айналдыруы ықтимал.