Орыстілді медиада Қайрат Нұртастың қамауға алынуы қызу талқыға түсіп, желі қолданушылары әншіні келемеждеп жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде әншінің ұсталуына қатысты «Қайрат енді түрмедегі корпоративтерде ән салады», «сотталғандардың көңілін көтереді» деген сыңайдағы кекесінді пікірлер көп. Оған қоса бұрын сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың Қайрат Нұртасты түрмеге шақыратын әзіл видеосы да жылдам тарап, қолданушылар арасында үлкен танымалдыққа ие болды.
Әсіресе желіде Қайрат Нұртас пен бұрыннан басы дауға қалып жүрген әнші Төреғали Төреәлінің бес жыл бұрын түсірілген құшақтасқан видеосы қайта шығып, екі әншінің ұсталуы флешмоб сияқты сипат алды.
Ал қазақ тілді аудитория бұл оқиғаға мүлдем басқа көзқараспен қарап отыр. Қазақ тілді орта танымал тұлғалардың ұсталуын биліктің халық назарын негізгі мәселелерден инфляция, жемқорлық және жұмыссыздықтан басқа жаққа аудару әрекеті деп қабылдайды.
Желі қолданушылары пікірлерінде биліктің осындай қадамдар арқылы қоғам назарын алдарқатып, елдегі ауыр экономикалық, саяси қиындықтарды көлеңкеде қалдырғысы келетіні туралы ашық айтуда.
Бұл пікірлерді жақында әнші Әбдіжаппар Әлқожаның да қамауға алынуы одан әрі өршітіп жіберді. Ол Қайрат Нұртас ұсталғаннан кейін іле-шала полицияға бағынбай, мас күйінде көлік жүргізген туысына араша түскені үшін әкімшілік жазаға тартылған еді. Қазақ тілді қолданушылардың пікірінше, бұл «челлендждің» жоспарланған жалғасы сияқты көрінеді.
Осылайша, Қазақстанда бір оқиғаның өзі екі түрлі аудитория арасында екі түрлі сипат алып, қоғамдағы тілдік ортаның оқиғаларды қабылдауы мен оған қатысты көзқарасы бір-біріне қарама-қайшы болып отыр. Орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары мұны әзіл-оспаққа айналдырса, қазақ тілді қауым жағдайдың астарынан саяси-әлеуметтік астар іздеуде.

