Астанада Перизат Қайраттың ісіне қатысты кезекті сот отырысында күтпеген жағдай орын алды деп жазады Ertenmedia.
Сотта куәгер ретінде жауап берген Сергей Матюшенко «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорының қалай құрылғанын баяндап берді.
Оның сөзінше, ұйымды құру идеясы «Жас Отан» ұйымының жиналысында туындаған. Сол кездегі «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еріктілер қозғалысын қалыптастыру жөнінде бастама көтерген. Дәл сол кезде Матюшенко Перизат Қайратпен алғаш рет танысыпты.
«Бастапқыда Байбек заңды тұлға құру туралы емес, жай ғана волонтерлік қозғалыс туралы айтқан еді», — деді Матюшенко.
Кейінірек Перизат Қайрат қорды тіркеу бойынша көмек сұрап, Матюшенкоға өтініш жасаған. Куәгердің айтуынша, ол сол кезде PlayStation клубын басқарып отырған інісіне хабарласып, мекеме мекенжайына уақытша тіркеуге келісім сұраған.
«Перизат Қайрат маған тіркеудің уақытша екенін, кейіннен қор партияның орталық аппаратының мекенжайына Қонаев көшесі, 12/2-ге ауыстырылатынын айтты. Бірақ бұл мәселе сол күйі аяқсыз қалды, ұмытылып кетті», – деді Матюшенко сотта.
Сот отырысының ең шиеленісті тұсы Матюшенко құрылтай жиналысының хаттамасы жалған екенін мойындағанда болды.
Перизат Қайрат: «Өкінішті, осылай кездесіп отырмыз. Сен екінші хаттамаға қол қоймағаныңды растап отырсың ба?»
Сергей Матюшенко: «Иә, екінші хаттамаға қол қойған жоқпын».
Перизат Қайрат: «Өтірік айтып тұрған жоқсың ба?»
Сергей Матюшенко: «Жоқ, өтірік айтпаймын».
Перизат Қайрат (көзіне жас алып): «Сен түсінесің бе, бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатыр ғой!»
Сергей Матюшенко: «Перизат, екінші хаттаманы өз көзіммен көрдім. Ол жерде менің қолым жоқ».
Осылайша, Перизат Қайраттың ісінде куәгерлердің жауабы күтпеген бұрылыс жасап, сот процесі жаңа сатыға өтті.