Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Жібек жолы ауылында былтыр ғана салынған әкімдік ғимаратының қабырғасы қақырап, едені опырылып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz КТК арнасына сілтеп.
Ақ түсті қабырғалары, жаңа линолеумі мен бояуы әлі кеппеген нысанға шамамен 193 миллион теңге жұмсалған еді. Алайда пайдалануға берілгеніне бір жыл толмай жатып ғимарат апатты күйге түсті. Қабырғалардағы жарықтардың көлемі қол сиятындай үлкен, ал дәретхана мен қойманың едендері опырылып, аталған бөлмелер толығымен жабылды.
Әкімдік қызметкерлері қауіпсіздік үшін ғимараттың бүлінбеген бөлігіне көшірілген. Қазір қабырғасы қирап жатқан қанатында ешкім жұмыс істемейді.
«Қабырғалар қозғалып тұрған сияқты. Түнде әсіресе қатты естіледі. Сықырлап, бірдеңе үзіліп жатқандай дыбыстар шығады. Өзім ғимараттың құламайтын жағында ұйықтаймын», – дейді әкімдіктің күзетшісі Миллиардбек Малибеков.
Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Талғат Камбарбеков та соңғы бір аптада қабырғалардағы жарықтар бұрынғыдан кеңейіп, жағдайдың ушығып бара жатқанын айтты.
«Қорқынышты жағдай. Күзетшінің өзі түнде бәрі сықырлап, қозғалады дейді. Меніңше, ғимараттың іргетасын дұрыс салмаған сияқты», – деп күдіктенеді әкім орынбасары.
Мердігер не дейді?
Ал мердігер компания өкілі Орынбасар Аятов жобаға толық сай жұмыс істегендерін алға тартты. Оның сөзінше, мәселенің бәрі ғимараттағы құбыр жарылғаннан басталған.
«Дәретханада құбыр жарылып, су 10-20 минут бойы аққан. Ғимарат ішіндегі суды жинап алдық, бірақ көп мөлшердегі су топыраққа сіңіп, іргетастың астындағы жер қабатын шайып кетуі мүмкін. Барлығын жөндейміз, арнайы жұмысшыларды шақырдық», – деді мердігер өкілі.
Дегенмен аудан әкімдігі мәселенің нақты себебін білу үшін алдымен сараптама жүргізбекші. Қазір жаңа ғимараттағы тоғыз қызметкер амалсыз ескі ғимаратқа қайта көшкелі жатыр. Оның қабырғалары ескірсе де, жаңа әкімдік сияқты құлау қаупі жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

