Түркістан облысында блогерлігін желеу етіп, медицина мекемесінің басшысынан ақша бопсалаған 32 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, өзін қоғам жанашыры ретінде таныстырып жүрген блогер Келес ауданындағы аурухана басшысынан бір миллион теңге талап еткен.
Әлгі соманы бермесе, «абыройыңызды әлеуметтік желіде айрандай төгемін» деген сыңайдағы қысым көрсеткен көрінеді.
Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, дәлел боларлық заттар тергеушілердің қолына түсті. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Соның алдында оңтүстік өңірге белгілі журналист әрі блогер Арай Есенбек те құрықталған еді. Полиция мәліметінше, ол әкімдік қызметкерінен 10 млн теңге талап етіп, көнбеген жағдайда әлемжеліде компромат жариялаймын деп қорқытқан.
Ал күні кеше атышулы блогер Қайсар Қамзаға іздеу жарияланған. Оған криптовалюта арқылы заңсыз табыс тауып, қылмыстық әрекетке барған деген айып тағылып отыр. Әлгі жағдайдан кейін Қайсар жұртқа үндеу жолдап, желідегі қауымнан араша сұраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

