Депутат Дәулет Тұрлыхановтың інісі, әнші Рахат Тұрлыханов әйеліне күш көрсетті деген күдікпен ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Криминалды Қазақстан» арнасының құқық қорғау органындағы дереккөзі мәлімдегендей, оқиға 15 наурыз күні болған. Қазір күдікті Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Айта кетейік, Рахат бұған дейін де бірнеше мәрте осындай әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті 10 тәулік қамауда отырып шыққан еді. Кейін Рахат Тұрлыханов пен әйелі видеомәлімдеме жасап, «екеуінің арасында бәрі жақсы екенін» айтқан.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр.
Бұған дейін…
Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат та осындай әрекеттерімен ел назарына іліккен. Ол 2023 жылдың ақпан айында Алматыда заңгер ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды соққыға жығып, қоғамның үлкен сынына қалған болатын. Депутаттың тағы бір ұлы Ақежан да әйелге қатысты агрессиялық әрекетімен БАҚ бетінде талқыланған еді.
Депутат Дәулет Тұрлыханов балаларының әрекеттерін «олардың жеке таңдауы» әрі «ересек адамның шешімі» деп түсіндірген.
Айта кетейік, әнші Рахат Тұрлыхановтың есімі 2000 жылдардың басында елге танылған. Кейін Лондондағы дипмиссияның үшінші хатшысы болып жұмыс істеген. Артынша «Атамекен» палатасының жастар кәсіпкерлігі департаментінің директоры болды.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі саналады. БҰҰ дерегінше, елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







