Қазақстандағы сауда орындарында тауарды бөліп төлеуге (рассрочка) сатса, міндетті түрде екі түрлі баға көрсетіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сауда министрлігі ішкі сауда ережесіне осындай маңызды өзгерістер енгізді. Енді сатушы тауардың толық төлем жасағандағы және бөліп төлеуге сатып алғандағы бағасын анық әрі ашық көрсетуге міндетті. Мұндай талап интернет-дүкендерге де қатысты.
Министрлік осы арқылы жасырын үстеме ақы мен тұтынушының қалтасына салмақ түсіретін түрлі қитұрқы әрекеттердің жолын кесуді көздеп отыр.
Бұдан бөлек, енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қосымша жасырын комиссия, үстеме ақы қосуға тыйым салынады. Сонымен қатар дүкендер өз сөрелерінің кем дегенде 30%-ын міндетті түрде қазақстандық тауарларға бөлуі тиіс.
Жаңа ереже базарларда сауда орындарын жалға алу, сондай-ақ жылжымалы сауда орындарын ашу рәсімдерін де оңтайландырады. Базарлардағы санитарлық тазалық, жұмыс режимі мен құжат айналымы да қатаң қадағаланады.
Бұл өзгерістер ресми жарияланғаннан кейін 10 күн ішінде күшіне енеді. Кейбір тармақтары 2025 жылдың 31 желтоқсанынан бастап толық қолданыла бастайды.