Ас тұзы асханамыздағы ең танымал әрі маңызды дәмдеуіштің бірі. Тұзсыз тамақ дәмсіз, нәрсіз болып көрінеді. Дегенмен, оның мөлшерден тыс болуы денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ал дүкен сөрелерінде тұздың түр-түрі бар: тас тұз, теңіз тұзы, гималай тұзы, йодталған немесе «Экстра». Сонда қайсысы ағзамыз үшін пайдалырақ?
Тұздың құрамы және ағзаға әсері қандай?
Тұз химиялық құрамы бойынша табиғи қосылыс, натрий хлоридінен тұрады. Оның құрамында 60% натрий және 40% хлор бар. Бұл элементтер ағзамыздың тіршілігіне аса маңызды.
Натрий қан плазмасының құрамында болып, су-тұз балансын реттеуге, бұлшық еттердің жұмысына және жүйке жүйесінің қалыпты қызметіне жауап береді. Ал хлор ас қорытуда маңызды рөл атқарады. Ол асқазан сөлінің құрамына кіретін тұз қышқылының түзілуіне қатысады.
Алайда тұз ағзаға тек қалыпты мөлшерде пайдалы. Оның күнделікті мөлшері 5 грамнан аспауы тиіс.
Тұздың шамадан тыс болуының зияны қандай?
Тұзды тағамды көп жегенде таңертең бетіміз бен денеміздің ісіп кететінін жиі байқаймыз. Бұл натрийдің ағзада суды ұстап қалып, оның сыртқа шығуына кедергі келтіруінен болады. Бұл жағдай ағзамызды магний, калий және кальций сияқты маңызды элементтерден айырып, жүрек-қан тамырлары, бүйрек және асқазан-ішек ауруларының пайда болуына себепші болады.
Қандай тұз пайдалы?
Қазіргі кезде дүкендерде тұздың көптеген түрі кездеседі. Олар өндіру технологиясы бойынша тас тұз, қайнатылған тұз, теңіз тұзы болып бөлінеді.
Күнделікті қолданылатын ас тұзы әдетте тас тұз түріне жатады, ол арнайы шахталарда өндіріледі. Ал теңіз тұзы табиғи жолмен теңіз суынан буландыру арқылы алынады.
Теңіз тұзы
Бұл тұздың құрамында натрий хлоридінен бөлек калий, кальций, бром, марганец, йод сияқты 50-ге жуық пайдалы микроэлементтер кездеседі. Сондықтан теңіз тұзы ағзаға өте пайдалы болып саналады.
Гималай тұзы
Гималай тұзы ерекше қызғылт түсімен танымал. Бұл түс оның құрамындағы темір оксидінің көп болуымен байланысты. Құрамы жағынан теңіз тұзынан кем түспейді және ағзамызға пайдалы элементтерге бай.
Қара тұз
Қара тұз сероводородты кен орындарынан алынады. Оның құрамында сульфаттар болғандықтан, жағымсыз жұмыртқа иісіне ие. Бірақ қара тұздың пайдасы зор деп саналады, дегенмен ерекше иісі себепті баршаға ұнай бермейді.
Йодталған тұз
Йодталған тұз ағзадағы йод тапшылығын толықтыруға бағытталған. Бірақ оны ыстық тағамдарды дайындағанда қолданудың пайдасы аз, өйткені йод жоғары температурада бұзылып кетеді.
Ароматикалық тұздар
Соңғы кезде дүкендерде сван, адыгей тәрізді түрлі хош иісті тұздар пайда болды. Олар ас тұзына түрлі шөптер мен дәмдеуіштер қосу арқылы жасалады. Бірақ мұндай тұзды қолданғанда да тәуліктік мөлшерден аспау маңызды.
Тұзбен ванна қабылдаудың пайдасы қандай?
Тұз тек тағам ретінде ғана емес, косметикалық және емдік мақсатта да пайдаланылады. Тұзды ванна қабылдау терінің тонусын жақсартып, қан айналымын арттырады, қабынуды басып, аллергиялық реакцияларды азайтады.
Ванна қабылдауға теңіз тұзы немесе Өлі теңіз тұзы ең қолайлы. Оның құрамында магний мен калий көп. Сонымен қатар гималай қызғылт тұзын да пайдалануға болады, ол жараларды жазып, ағзаны тыныштандырады.
Ванна үшін мүмкіндігінше табиғи құрамы бар тұзды таңдаған дұрыс. Эфир майлары мен шөп қосылған қоспалар пайдалы. Ал иіс пен бояғыш заттар қосылған өнімдерден бас тартқан жөн, себебі олар аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.
Айтқандай, мамандар моншаның пайдасын толық сезініп, зиянын болдырмау үшін оған дұрыс дайындалып бару керектігін ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







