Қазір Израиль мен Иран арасында соғыс өрті тұтанып, Таяу Шығыс қиын жағдайда қалуда. Бірақ Араб елдерінің жағажайына жетіп дамалуға асыққан қазақтардың қарасы сиремей тұр. Көлік министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ескерту жасады. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Айтпақшы, Әмірліктердің әуежайында 300-дей қазақстандық елге жете алмай отыр.
Құзырлы орындар соғыс басталған соңғы екі күнде Қазақстаннан БАӘ бағытындағы рейстер толық жүктемемен ұшып кеткенін алға тартты. Демек ескертуден нәтижесі жоқ. Бұдан ел азаматтарының ақпараттық жауапкершіліктің әлсіздігін көрсетеді.
Таяу Шығыстағы дүрбелең тек Иран мен Израильдің емес, бүкіл әлемнің тыныштығын шайқалтуы мүмкін. Сондықтан саяхаттың бағасы тым қымбат болатынын ұмытпайық.
Қазіргі таңда БАӘ, Катар, Оман, Бахрейн сынды елдерде ахуал салыстырмалы түрде тыныш болғанымен, әуежайлар, әуе кеңістігі, логистика тұрғысынан аталған өңір – Израиль мен Иранның шабуылдарына өте жақын жатқанын ескеруіміз керек.
Турфирмалар соғыс қаупін елемей, клиент тарту үшін «арзан бағыт», «қауіпсіз демалыс» деген жарнамаларды үдетіп жатыр. Оны көріп отырмыз. Бұл адам өмірін коммерциялық пайдаға алмастырудың айқын көрінісі. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан нақты регламент, қатаң шектеу болмағандықтан, жауапкершілік қайтадан қарапайым халықтың иығына артылуда.
11 маусым күні ҚР Туризм және спорт министрлігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігіне ұшуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Бұл – өте дұрыс шешім. Бірақ БАӘ секілді географиялық тұрғыда осы аумаққа жақын елдерге ұшу мәселесі нақтылай түсу керек.
Жауапкершілігі жоқ туризмнің арқасында 300 азамат Дубай мен Абу-Дабидің әуежайларында қалып қойды. Билік енді оларды елге жеткізудің жолын қарастыруы керек. Егер қауіп одан әрі күшейсе, ол азаматтарды эвакуациялау ауыр гуманитарлық мәселеге айналуы бек мүмкін.
Сөз соңында айтарымыз, Таяу Шығыстағы кез келген шиеленіс бізден мыңдаған шақырым алыста жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ жаһандық логистика мен туризм, цифрлық ақпарат пен әуе кеңістігінің өзара байланысы бұл қауіпті бізге бірден жақындатып жіберетінін ұмытпаған жөн. Жауапкершіліксіз саяхат – тек жеке тәуекел емес, ол мемлекет имиджіне әсер ететін фактор.