Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайында Jet A-1 маркалы авиакеросинді сақтап, құятын арнайы кешеннің құрылысы басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әуежайдың иелері, танымал бизнесмендер Тимур Турлов пен Ерлан Оспанов жобаның елде теңдесі жоқ екенін айтып отыр.
Қазақстанда Jet A-1 маркалы авиакеросинге арналған арнайы кешен болмағандықтан, көптеген шетелдік авиакомпаниялар елге рейс ашудан бас тартып келген.
Турловтың сөзінше, құрылыстың алғашқы кезеңі техникалық жабдықтарды жобалау мен монтаждау 2026 жылдың басында аяқталады. Ал 2026 жылдың соңына дейін кешен аумағында сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын резервуар салынып, қызметкерлерге арналған инфрақұрылым толық пайдалануға берілмек.
2027 жылдың үшінші тоқсанында қойма көлемі екі есе, яғни 4 мың текше метрге дейін ұлғайтылады. Кешен толықтай еуропалық JIG, EI және AFQP стандарттарына сай болмақ.
Жобаның стратегиялық серіктесі ретінде Қытайдың Petro China компаниясы таңдалды. Petro China Қытай мемлекеттік CNPC-дің еншілес кәсіпорны.
Айта кетерлігі, CNPC Шымкент мұнай өңдеу зауыты акцияларының 50,28 пайызына иелік етеді. Petro China International Kazakhstan Ltd компаниясы Карағандыға авиакеросин жеткізу туралы Silk Way Aviation Airport Development-пен келісімге қол қойды.
Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Silk Way Aviation Airport Development осы жоба үшін арнайы құрылған бірлескен кәсіпорын. Оның құрамына қытайлық инвесторлар мен қазақстандық ASG (Тимур Турлов, Ерлан Оспанов, Руслан Ғаббасов) компаниясы кіреді.
Ерлан Оспанов Қарағанды әуежайын ірі жүк тасымалы орталығына айналдыру жоспарын көптен бері айтып жүр. Былтырғы жылдың өзінде «Сары-Арқа» Эквадор, Нидерланд (Амстердам), Бельгия (Льеж) елдерінен жүк рейстерін күнделікті қабылдай бастаған. Қытайдың жүк ұшақтары да осында жанармай құю үшін қонып келген.
«Қазір қойма аузы-мұрнынан шыға толды, енді сыйымдылығын арттыру жолын іздеп жатырмыз. Жақында Кениядан тікелей жүк рейсін ашамыз. Қытаймен де коммерциялық жүк тасымалын жолға қою мәселесі шешіледі», – деді Ерлан Оспанов.