Тимур Турловтың Freedom холдингі виртуалды валюта нарығына аяқ басты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Freedom Holding Corp. Эстонияда тіркелген Wallet Solutions финтех-компаниясын толығымен сатып алмақ. Келісім құны 1,9 млн доллар. Қазан айында қол қойылған құжаттар бойынша мәміле аяқталуға жақын.
Wallet Solutions компаниясы криптовалютамен операция жүргізу қызметін ұсынады. Freedom холдингі бұл қадам арқылы цифрлы қаржы өнімдерінің ауқымын кеңейтіп, қазіргі заманғы финтех нарығындағы орнын нығайтуды көздеп отыр.
Forbes Kazakhstan журналында жарияланған дерек бойынша, Freedom-ның баспасөз қызметі мәміленің бар екенін растағанымен, оның егжей-тегжейіне қатысты қосымша ақпарат беруден бас тартқан.
Тимур Турлов Freedom Holding Corp-тың негізін қалаушы әрі оның шамамен 70%-дық үлесіне иелік ететін мажоритар акционері.
Forbes Kazakhstan рейтингінде елдегі ең ауқатты 75 кәсіпкердің ішінде екінші орында тұр. Оның байлығы 2025 жылдың мамырындағы есеп бойынша 5,8 млрд долларға бағаланған. Сондай-ақ ол Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені тізімінде төртінші орында.
Қазіргі таңда Freedom холдингі қаржы нарығынан бөлек телекоммуникация және медиасаланы қамтып, әртүрлі компанияларды сатып алу арқылы белсенді түрде кеңейіп келеді.

