Белгілі бизнесмен, Freedom Holding корпорациясының негізін қалаушы Тимур Турлов мемлекеттік «Парасат» орденімен марапатталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы кәсіпкер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, қуанышын көпшілікпен бөлісті. Ол марапатты Президент тарапынан жасалған үлкен қолдау, сенім және өзіне жүктелген жауапкершіліктің белгісі деп қабылдайтынын атап өтті.
«Мемлекеттік марапат алу үлкен абырой. Бұл менің және бүкіл командамның атқарған еңбегі мен талпынысының нәтижесі. Бүгінгі марапат біздің барлық шешімдеріміз бен әрекеттеріміздің дұрыс әрі елге пайдалы болғанын көрсетеді», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, кәсіпкер Қазақстанның бүгінгі даму бағыты мен мемлекетте қалыптасқан бизнеске қолайлы жағдайларға ерекше назар аударды.
«Осындай керемет дәуірде, Қазақстан сияқты батыл өзгерістерге қадам басқан елде өмір сүріп жатқанымыз үшін қуаныштымын. Бізді қоршаған амбициялы адамдар, жаңа жобалар мен бастамаларға ашық орта еліміздегі үлкен жетістіктерге жетелейтін басты күш. Жаңа Конституциямыз осы мүмкіндіктерді одан әрі арттыра түседі деп сенемін», – деді бизнесмен.
Турлов президентке зор қолдауы мен берілген мүмкіндіктер үшін алғыс айтып, өзінің командасы мен отбасына ерекше ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Forbes Kazakhstan мәліметінше, Тимур Турловтың қазіргі байлығы 5,8 млрд долларға бағаланып отыр. Ол Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлердің бірі ретінде танылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







