Ақтөбеде бес бала видео үндеу жолдап, қоғамнан араша сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Олар аналарының еркінен тыс психиатриялық ауруханаға жатқызылғанын, ал өздері балалар орталығына түскенін айтып, көмек сұрап отыр.
Балалардың үлкені Құралайдың сөзінше, жанжалға себеп баспана мәселесі.
«Қазір біз “Аяла” балалар орталығындамыз. Бір-ақ күнде анамызды психиатриялық ауруханаға алып кетті. Біз осында тап болдық.
Үй сатылғанда туыстар анамды өз үлесінен бас тартуға мәжбүрледі. Енді бауырларымды жетімдер үйіне жіберуі мүмкін. Біз қорқып отырмыз.
Әкеміз ішімдікке салынған, анамыз бізді жалғыз өзі бағып келді. Бір-ақ күнде бүкіл отбасымыз быт-шыт болды», – дейді қыз.
Құралайдың айтуынша, үй сатуға келіспеген соң, туыстары үйге басып кіріп, анасын соққыға жыққан. Сол оқиғада полиция шақырған тәтесі анасына жала жауып, «қолында пышағы бар, адамдарға шабуыл жасады» деген сылтаумен ауруханаға жатқызған. Құралай бұл жайтты толық видеоға түсіргенін де айтып отыр.
Балалардың анасы қазір Алматыдағы Республикалық психикалық денсаулық орталығында емделуде. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1986 жылы туған әйелдің психиатриялық есепте тұрғанын растады.
Балаларға алғаш болып қол ұшын созған ерікті Әсел Мұхан оларды өз қамқорлығына алған. Оның сөзінше, балалар әлі күнге дейін анасын уайымдап, туыстарынан қауіптенеді.
Қазіргі таңда балалар омбудсмені Динара Закиева балалардың анасымен байланыста екенін, әйелдің Алматыда диагнозын қайта тексертіп жатқанын жеткізді.
Әкесі болса, 2021 жылы ажырасқалы отбасынан бөлек тұрады, балалар өміріне араласпайды әрі ішімдікке тәуелді екені белгілі болды. Әйелдің жеке баспанасы жоқ, қазір ол дағдарыс орталығының көмегіне мұқтаж.