Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тянжиндегі саммитімен шектелген жоқ.
Мемлекет басшысы қазір Бейжіңде өтіп жатқан Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысып отыр деп жазады Ertenmedia.
Жиынға Қытай Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП Орталық комитеті Саяси бюросының Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсян да келген.
Шараға мемлекеттік мекемелердің, ірі бизнес пен халықаралық корпорациялардың 500-ден астам өкілі жиналды. Оның ішінде Қытайдың жетекші 70-тен астам компаниясының басшылары бар.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, осы басқосу аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылады.
Аталған келісімдер Қазақстан экономикасына тартылатын жаңа инвестицияларды көздейді.
Энергетика, цифрландыру, құрылыс, металлургия, телекоммуникация, көлік және логистика секілді салаларды қамтитын бұл құжаттарға Қазақстан мен Қытай тарапынан 100-ден астам компания қол қояды.
Айта кетейік, осыған дейін Тянжинде өткен ШОС саммитіне ұйымға мүше 10 мемлекет басшысы және тағы 20-дан астам елдің өкілдері қатысқан болатын.
Қытай тарапы шараны барынша салтанатты деңгейде ұйымдастырып, кейбір мемлекет басшыларына ерекше ілтипат танытқаны дипломатиялық ортада қызу талқыланды. Си Цзиньпиннің арнайы назар аударған қонақтарының қатарында Тоқаев та бар.
Сапар аясында Қазақстан президенті Қытайдың ірі бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткізуді де жоспарлап отыр.