Алматы тұрғындарына алдағы тәулікте тауға шықпауға кеңес берілді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Алматыда ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, 3 маусым күні қалада жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сондай-ақ солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 18 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Әсіресе Бостандық және Медеу аудандарының таулы аймақтарында ауа райы қолайсыз болады. Бұл өңірлерде өткінші жаңбыр, найзағай және секундына 15-20 метрге дейін жететін қатты жел күтіледі.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Мамандар әлсіз бекітілген құрылымдардың, жарнамалық қалқандардың, құрылыс қоршауларының, ағаштардың және қатты жел кезінде құлау қаупі бар басқа да нысандардың маңында болмауға кеңес береді.
Төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескерту күшінде тұрған уақытта тауға шығудан уақытша бас тартуды сұрады. Себебі қолайсыз ауа райы жағдайында таулы жерлерде жүру адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Құтқарушылар төтенше жағдай туындаған жағдайда азаматтарды 112 нөміріне хабарласуға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







