Қазақстанда шетелдік қаржыландыру арқылы жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) белсенділігі артып келеді. Бұл үрдіс қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Бірқатар журналистер мен сарапшылар сырттан келетін гранттардың ашықтығы мен мазмұнына бақылау орнату қажет екенін алға тартуда,- деп хабарлайды Ertenmedia
Оңғар Кабден: «Қоғамды бөлетін емес, біріктіретін идеялар қажет»
Журналист әрі қоғам белсендісі Оңғар Кабден шетелдік гранттардың астарында ұлтқа жат идеология жатқанын айтып, ҮЕҰ-лардың кейбірі «адам құқығы» мен «әйел теңдігі» ұранын жамылып, ЛГБТ мен батыстық құндылықтарды насихаттаумен айналысады деп есептейді.
«Мемлекет әйелдер құқығын қорғай алмай отыр деу — әділетсіз. Бірақ бұл тақырыпты сылтау етіп, теріс насихат жүргізетін ұйымдар көбейді. Олар ұлттық құндылықтарға қарсы келеді», — дейді Кабден.
Ол сондай-ақ Алматыдағы атышулы клубтағы оқиғаға назар аударып, грант алушы ұйымдардың кейбір өкілдері тіпті қылмысқа да барып жатыр деген күдік айтады.
Ербол Мәндібек: «Грант – құрал, ал мақсат – ықпал ету»
Ербол Мәндібек, тәжірибелі журналист және публицист, шетелдік ұйымдар тарапынан бөлінетін қаржының артында геосаяси мүдде жатқанын айтады. Оның пайымынша, демократия, сөз бостандығы, адам құқығы деген ұғымдар — сыртқы күштердің «жұмсақ күш» тетігіне айналған.
«Батыстық донорлар біртіндеп өздерінің құндылықтарын енгізіп жатыр. ЛГБТ, феминизм сынды қозғалыстарға қаржы бөлу арқылы олар қоғамды іштен ірітіп, билік пен халықтың арасына сына қағуға тырысады», — дейді ол.
Мәндібек грант жүйесінің ішінде арнайы «ыңғайлы» блогерлер мен медиа құрылымдарды қолдау арқылы ақпараттық кеңістікті басқару жүріп жатқанын да ескертеді.
Тоқтар Жақаш: «Біздегі ҮЕҰ-лар нақты проблемаларды шешпейді»
Тоқтар Жақаш — ашық көзқарасымен танымал қазақстандық журналист. Оның айтуынша, еліміздегі ҮЕҰ-лар нағыз әлеуметтік мәселелерді көтерудің орнына, шетелден келетін гранттарға есеп беру үшін «модалы» тақырыптарды ғана іліп әкетеді.
«Ауыз су жетіспейді, медицина, экология, ауыл шаруашылығы секілді мәселелер қордаланып жатыр. Бірақ біздегі ҮЕҰ-лар көбіне ЛГБТ мен феминизм сияқты идеологиялық бағытқа жұмыс істейді», — дейді Жақаш.
Ол сондай-ақ сатира мен фейк жаңалықты араластыратын парақшалар (мысалы, Qaznews24) арқылы билікке қарсы көзқарас қалыптастыру жұмысы жүріп жатқанын атап өтті.
Қазақстандағы шетелдік ҮЕҰ-лардың жұмысы туралы пікірталас — ел болашағына қатысты маңызды сұрақ. Бір тарап оларды азаматтық қоғамның дамуына үлес қосатын институт десе, екінші тарап олардың кейбірі ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
Осы тұрғыда сарапшылардың пікірлері — билікке ескерту ғана емес, сонымен бірге тиімді реттеу саясатын әзірлеуге берілген ұсыныс ретінде қаралуы тиіс.