Бектенов үкіметі жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыру туралы жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Inbusiness-тің мәліметінше енді табиғи апаттан келетін зиянды өтеу жауапкершілігі мемлекеттің емес, тұрғындардың өз мойнына түседі. Бастама тұрғын үйді табиғи апат салдарынан қорғауды көздейді.
Жаңа заң бойынша Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан басталатын пилоттық жоба кейіннен табиғи апат қаупі жоғары 16 өңірді қамтымақ. Алғашқы кезеңде жаңа жүйеге үйренісу үшін тұрғындарға үш жылдық бейімделу мерзімі беріледі.
Міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты
Апатты жағдай кезінде бюджетке түсетін жүктемені азайтып, тәуекелді әрбір тұрғынға бірдей бөлу. Заң қабылданса, сақтандырудың көлемі 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейінгі аралықта болмақ. Яғни, бұл қазіргі жылжымайтын мүлік салығымен шамалас келеді.
Есесіне, төтенше жағдай орын алса, тұрғындар төлеген жарнасынан 500 есе артық өтемақы алады. Демек, ең аз жарна төлеген азамат 1 миллион теңге, ал максималды соманы (20 мың теңге) төлегендер 10 миллион теңгеге дейін өтемақы алуға құқылы.
Жоба толық мемлекет бақылауында болмайды, оған жеке сектор да араласады. Заң бойынша сақтандыру компаниялары міндетті түрде ортақ сақтандыру пулына ақша аударып, тәуекелді бөліседі. Бұл модель жүйенің төлем қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Үкімет не істейді?
Жүйені басқару үшін мемлекет бірыңғай оператор тағайындауды көздеп отыр. Ол сақтандыру төлемдерін жинап, бөлуді қадағалап, жүйенің ашықтығын сақтауға міндетті болады.
Заң жобасы биылғы маусым айында Үкімет қарауына ұсынылып, тамыз айында Парламентке түседі деп жоспарланған. Жүйені құруға халықаралық деңгейде Азиялық даму банкі мен Дүниежүзілік банк мамандары қатысып жатыр.
АРРФР мамандарының пікірінше, реформа елдегі бюджетке деген тәуелділікті азайтып, апатты жағдайлар кезінде тұрғындарды қаржылық қорғауды күшейтеді. Сондай-ақ, бастама жеке сақтандыру нарығын да белсенді дамыта түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







