«Назарбаев Мәскеуде не жоғалтты?» деген сұрақ соңғы бірнеше күн бойы Ertenmedia оқырмандарына маза бермей жүр. Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлгі сауалға егжей-тегжейі жауап қатқан екен.
Үкібайдың сөзінше, Назарбаев Мәскеуге өзі жетіп бармаған, оны Кремль көсемі арнайы шақырыпты. Әбішұлы қандай да бір ресми шараларға қатыспаған.
Сапар Жеңіс күнімен байланысты болған, алайда Тоқаевпен қабаттасып қалмау үшін, экс-елбасы Кремльге парад өткесін барып бас сұққан.
«Назарбаев пен Путиннің арасында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан сыйластық қарым-қатынас бар. Бұған таңғалатын түгі жоқ. Назарбаев Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь басшыларымен де дәл осылай достық рәуіште жиі хабарласып, жеке жүздесіп тұрады. Мұндай бейресми кездесу мен достық сипаттағы әңгімелер халықаралық деңгейдегі үйреншікті жағдай», – дейді әулеттің өкілі.
Үкібай Назарбаевтың шетелге біржола көшіп кеткені туралы ақпаратты да жоққа шығарып отыр.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда тұрады, ешқайда қоныс аударған жоқ. Алып қашпа әңгімеге сеніп қалмаңыздар», – деді Үкібай.
Айта кетелік, бұған дейін белгілі экономист Нұрлан Жұмағұлов Назарбаев пен Кремль көсемінің кездесуі тегін емес деген болжам айтқан.
«Ресей осы арқылы Қазақстанға «Росатомды» тықпалап отыр. Әбішұлы Кремль үшін Тоқаев билігіне ықпал етудің кезекті «рычағы» ғана», — деген еді сарапшы. Толығырақ осы — жерде.