Үкімет әлеуметтік төлемдердің өсуі инфляция қарқынынан артта қалғанын мойындады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, инфляция деңгейі 12 пайыздан асып кеткенімен, зейнетақы мен жәрдемақылар небәрі 10 пайызға өскен.
Дегенмен, 2026 жылы әлеуметтік салаға бюджеттен 10,5 триллион теңге қарастырылып отыр.
Мәжіліс кулуарында вице-министр бұл мәселені шешудің жолы ретінде әлеуметтік көмекті барынша мұқтаж отбасыларға ғана беріп, қалғандарын қысқартатынын атап өтті.
«Иә, әлеуметтік төлемдер жалғасады. Бірақ қазір біз көмекті кімге беру керектігін жіті тексеріп жатырмыз. Әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана берілуі керек. Қазір бұл салада жалған ажырасу, табысын жасыру, құжатты қолдан жасау сияқты теріс әрекеттер өте көп. Еңбек министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі цифрландырудың көмегімен мұндай заңсыздықтарды анықтап, бюджет қаржысын мақсатты жұмсауды қамтамасыз етеді», – деді Біржанов.
Оның айтуынша, осы шаралардың арқасында босаған қаражат шын мәнінде тұрмысы төмен, кірісі аз азаматтарға бағытталады. Яғни, әлеуметтік көмек жалғаса береді, бірақ енді оны бұрынғыдай жаппай тарату тоқтатылады.
Айтқандай, салық органдары қазақтардың қалтасын қалай бақылайды? Бұған дейін Қаржымин Мәди Тәкиев Үкіметтің мобильді аудардымдарды бақылауды күрт күшейтетінін мәлімдеген болатын.

