Депутат Жұлдыз Сүлейменова елдегі ең төменгі жалақымен күн көретін қарапайым жұмысшылардың жағдайына биліктің немқұрайлы қарап отырғанын сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, плотник секілді еңбек адамының өмір сапасын қашан жақсартамыз?
Дәл осылай жеті мәрте жолданған депутаттық сауал жеті ретте де Үкімет тарапынан жауапсыз қалған.
Сүлейменованың айтуынша, президент Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы игі бастама болғанымен, Үкімет бұл тапсырманы құрғақ сөз деңгейінен асырмаған.
Еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, электрик секілді мыңдаған адамның әлеуметтік мәселесін шешуге ЕңбекМин шамамен 28 млрд теңге қажет екенін есептеп шығарыпты.
«Қарапайым жұмысшыны қолдаймыз деп мінберде әдемі сөйлеп, іс жүзінде олардың еңбегін бағаламайтын жүйе қашанғы жалғаспақ? 7 сауалымыздың жетеуі де жауапсыз қалды. Әсіресе, техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу туралы ұсынысымыз ескерілмеген. Үкімет «ақша жоқ» деп отыр. Ал сол жұмысшылардың еңбегі болмаса, бюджеттік мекемелердің күні не болар еді?», – дейді депутат.
Сүлейменова хлор сияқты зиянды заттармен жұмыс істейтіндердің мәселесі тіпті өткір екенін айтады.
«Хлор қолданатын жұмысшыларға өтемақы төлеу жөніндегі ұсынысымызға келіп түскен жауап мүлдем қисынсыз: «жұмыс берушіге жүгінсін» деп айтылған», — деп ашынып отыр мәжілісмен.
Солай болай тұра, ақырына дейін күресіп көрмек. Сегізінші мәрте жолданған депутаттық сауал аясында:
- тех.қызметкерлердің жалақысын арттыру бойынша бірыңғай әдістеме әзірлеу;
- еңбек демалысына төленетін сауықтыру жәрдемақысын бекіту;
- сондай-ақ зиянды жағдайда еңбек ететін жұмысшыларға қосымша өтемақы төлеп, еңбекақысын қайта қарау керек деген мәселе көтерілген.
«Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтереміз десек, алдымен сол жұмысшының өмірін жақсартайық. Шенділер солардың орнында бір күн істеп көрсе, мұның қаншалықты азап жұмыс екенін түсінер еді», – дейді Сүлейменова.